Кеше Тасқала ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Саягүл Мәулетқызы мен Бәйтерек және Тасқала аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы Асхат Нигимовтың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Оған Тасқала ауданы ТЖ бөлімінің инженері азаматтық қорғау капитаны Мейрамбек Тұрарбеков пен Тасқала ауылдық округі әкімі аппаратының әскери есеп жүргізушісі Данагүл Егизалиева және ата-аналар қатысты.
Аталмыш шара жас сарбаздарды әскер қатарына шығарып салуға арналды.
Алдымен сөз алған Саягүл Мәулетқызы Отан алдындағы әскери борышын өтеуге күні ертең аттанғалы отырған азаматтарға ізгі тілегін білдіріп, ақ жол тіледі.
«Қымбатты біздің елімізді қорғар ертеңгі сарбаздар, сіздерге ақ жол! Отан алдындағы борыштарыңызды аман-есен өтеп келіңіздер. Сіздерге барлық жақсылықты тілеймін. Бүгін ауданымызда алғаш рет ресми түрде балаларымызды әскерге шығарып салып жатырмыз. Соңғы уақытта баршаңызға мәлім елімізде әртүрлі жағдайлар болып жатыр. Оны өздеріңізде әлеуметтік желілерден көріп жатырсыздар. Ондай жағдайлардан аулақ болайық. Аман-есен барып келіңіздер», - деді.
Содан соң Асхат Қайырғалиұлы Нигимов сөз сөйлеп, көктемгі әскерге шақыру науқанын сапалы ұйымдастырғаны үшін Саягүл Мәулетқызына Батыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Ж.Айтбаевтың атынан алғысхат табыс етті.
Дөңгелек үстел үстінде ата-аналар сөз алып, балаларына ақ жол тіледі. Ал, жақында ғана әскер қатарынан оралған жастарымыз өз кезегінде армияның артықшылықтарын тілге тиек ете келіп, әскерден кейін оқуға немесе жұмысқа орналасуда де үлкен мүмкіндіктер мен қолдаулар болатынын жеткізді.
Назгүл Серікқызы
Тасқала ауданы