Теректі ауданында "Жайық Пресс" ЖШС бастамасымен "Теректі жаңалығы-Теректинская новь" қоғамдық-саяси газетінің ұйымдастыруымен журналистер арасында спартакиада өтті.
Спорттық додаға Теректі Жаңалығы басылымынан бөлек, Шыңғырлау аудандық "Серпін" газеті, Бөрлі аудандық "Бөрлі жаршысы" газеті және Тасқала аудандық "Екпін" газеті ұжымы қатысты.
Шараның ашылу салтанатында Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов сөз сөйлеп, қаламы қарымды тілшілердің салауатты өмір салтын ұстанудағы белсенділіктерін тілге тиек қылды. Ақын, "Жайық Пресс" ЖШС бас директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ әріптестерге сәттілік тіледі. Теректілік журналистер осындай мәнісі зор шараны қолға аларда қолдаған жергілікті кәсіпкер Сержан Идиятов та құрметті қонақтар қатарында болды.
Спорттық эстафета, асық тарту және арқан тартыс секілді бағамдармен өрбіген спорттық бәсекеде Тасқала ауданының "Екпін" газеті ұжымы І орынды жеңіп алды. Екінші орын Шыңғырлау ауданының тілшілеріне бұйырса, үздік үштікті бөрлілік әріптестер түйіндеді. Қонақжайлықтың үлгісін көрсетіп, қарсыластарына төрден орын берген теректіліктер "Жеңіске деген құлшынысы үшін" аталымымен мараппатталды. "Ардагер спортшы" боп "Бөрлі Жаршысы газетінің бас редакторы, ақын Дариға Нұрашева танылса, аталмыш газеттің жауапты хатшысы Мейрамбек Сыдықов пен журналист Сәнім Меңдібай асық тартуда қарсыластарын шақ келтірмеді. Оларға " Сұр мерген" деген атақ бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді "Теректі жаңалығы-Теректинская новь" саяси-қоғамдық газетінің редакторы Нұрзия Сисенбаева марапаттады. Медиахолдинг бас директоры Рауан Сәбитовтің Алғыс хатын шараны қолдаушы кәсіпкерлер Сержан Идиятов пен Бекболат Қыдырбаевқа Ғайсағали Сейтақ табыстады.
Спорттық шараға қатысушылар аудандық газет ұжымына алғыс білдіріп, ілтипаттарын көрсетті.
Әділет Орынбасаров
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер