16.06.2020, 11:06
Оқылды: 45

Тасқаланы қазақыландыруға атсалысқан редактор

Тасқала аудандық «Екпін» газетінің редакторы болған, тіл жанашыры Мағжан Кенжеғалиев 1927 жылы Жаңақала ауданында туып-өскен. Орал пединститутын бітіріп (әдебиет факультетін), мұғалім болып жұмыс істеді. 14 жыл халық ортасында жемісті еңбек етті. Мағжан мұғалім де, инспектор да, директор да болды. Қай жұмыста да ерекше білімділік пен шынайы ынта танытты. Жергілікті газеттерге мақала, өлеңдер жазып жүрді. Оның мақалалары аудан ғана емес, облыста да жарияланды.

Magzhan

1967 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін ол Тасқала аудандық «Екпін» газетінің редакторы болып тағайындалды. Осы жұмыста Мәкең жаңа қырынан танылды. Әсіресе  баспасөз ісіне шынайы берілгендіктен, соның ішінде, қазақ тіліндегі баспасөзді дамытуға ерекше құштарлық танытуымен көзге түсті. Тасқала орыс тілді аудан болса да, «Екпін» газеті редакциясы ауданда жалғыз қазақ тіліндегі мекеме болды. Ол кезде іс қағаздары, жиналыстар бәрі орыс тілінде өтетін еді. Мағжан ағайдың ықпалымен көп қазақ отбасы балаларын қазақ сыныбына берді. Ауданда тек «Оян» орта мектебі ғана қазақша оқытатын. Ауданды қазақыландыру ісіне Мағжан Кенжеғалиев көп еңбек сіңірді. «Қазақ тілі» қоғамын басқарды, ата-аналармен жүйелі түрде жұмыс істеді. Балаларды қазақ сыныптарына оқытуға үгіттеді. Қазақ сыныптары біртіндеп ашыла бастады. Кейін мектептер қазақша оқытатын болды. Ауылдарда қазақ тілі қоғамдық ұйымдары ашылды. Жиналыстар қазақша өтетін жағдайға жетті. Аудандық газет жұмысы жүріп, әртүрлі деңгейде ел аузына ілікті. Редактордың ұжымды басқарудағы білімі мен біліктілігі арқылы газет беделі көтерілді.

Ekpin

Мағжан Кенжеғалиев 1976 жылы Курск қаласында өткен журналистердің Одақтық форумына қатысып қайтты. Жыл өткен сайын газеттің беделі өсіп, жариялаған материалдары қаралмай қалмайтын жағдайға жетті. Аудан басшылары газетке, соның ішінде журналистерге қолдау көрсетіп жүрді. Редактор М.Кенжегалиев аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланды. Аудандық кеңестің депутаты болды. «Құрмет белгісі» орденімен мадақталды. «Екпін» газетінің редакциясында жұмыс істеп, тәжірибе жинаған журналистер өсіп-өніп, басқа өңірлерге қызмет ауыстырды. Есімдері ел аузына ілікті. Ізбасар Өтеуов – Жаңақала, Энгельс Шыңғалиев Жымпиты аудандық газетін, Амангелді Умбеталиев – Шыңғырлау, Ақырыс Есенәлиева Орал қалалық газетін басқарды. Журналистер Темір Құсайын, Серікқали Сәрсенов, Ғайсағали Сейтақ «Екпін» газетінде еселі еңбек етті. Сол бір уақыттарда редактордың орынбасары Дайын Қапанов деген азамат болды. «Екпін» газетінде бір кезде Алтай Хабиев те қызмет істеді. Белсенді тілшілердің бірі болды. Мағжанның досы болып, отбасының бір мүшесіндей араласты. Барлық салтанатты шаралардың басы-қасында жүрді. Ұйымдастыру, жүргізушілік, асаба рөлін атқару оған жүктелетін. Газеттен кетіп, басқа жұмыстарда жүргенде Мәкеңмен арақатынасын үзген жоқ. Тілге бай, шешен әрі ақжарқын азамат еді. М.Кенжеғалиев 1993 жылы ауданның 60 жылдығы қарсаңында авторлар алқасының жетекшісі болып, «Тасқала ауданы» атты кітап шығаруға ұйытқы болды. Тағы бір мақтанар қызметі – орыстанып кеткен біздің ауданда мешіт ашуға мұрындық болды. Үгіт-насихат жұмысына кірісіп, мешітті жабдықтауды қамтамасыз етті. Достық әзіл ретінде мына бір оқиға ойға оралады. Бірде Мәкең «Қазақстанның 40 жылдығы» атты совхозға барыпты. Қабылдау бөлмесінде хатшы қыз машинка басып отыр екен. Астында «Екпін» газетінің тігіндісі. Мұндай көрініске шыдай алмаған ол: «Қарағым, тұршы! Мынау газет аудан өмірінің айнасы, көптеген адамның еңбегі, жұрт оқысын деп еңбектеніп жүрміз. Мен осы газеттің редакторымын. Газетті кез келген адам астына басып отырса, обал емес пе!? деп қызды ұялтып тастапты. Бұл – біле білгенге өнеге. Мағжан шахматты жақсы көретін. Қолы босай қалғанда төңірегіндегі жігіттерді жинап алып, шахмат ойнап отырушы еді. Шахмат ойыны сияқты сайыстардың басы-қасында жүретін. Мәкеңнің тағы бір қасиеті – кітапсүйгіштігі. Оның жеке, бай кітапханасы болып еді. Кітапқұмарлар қоғамдастығын құрып, (общество книголюбов) оған өзі басшылық етті. Мағжанмен отбасымызбен көп жылдар бойы жақын араластық. Екеуміздің де жақын ағайындарымыз Ресейде тұратын.

Мәкеңнің нағашылары, менің немере ағаларым, олардың ұрпақтары сол ағайындарға екі отбасы болып бірге қыдырып, демалып, қонақтап қайтушы едік. 1995 жылы менің ағам, Ұлы Отан соғысының ардагері Хамит Сатқалиев 85 жасқа толып мерейтойға шақырды. Мәкең жұмыстан шыға алмай, менен өлең-хат жазып, құттықтауын аманаттағаны бар. Менің ұлым Арман қайтқанда Банудың атынан жоқтау жазып еді. Сол өлеңдері отбасылық архивімізде сақтаулы. Сағынғанда оқып, Мәкеңді, ағамды және баламды еске алып отырамын. Мәкеңнің 60, 80 жылдық мерейтойларына қатысып, бірге өткізгеніміз бар. Бүгінде редактордың отбасы Орал қаласында тұрады. Қыздары өсіп-өніп, өз орындарын тауып, ел қатарлы өмір сүріп жүр. Зайыбы Балғаным – ардагер, зейнеткер. Аллаға шүкір, бойынан қуаты өшпеген үлкен кісі болды. Аманшылықта өмір сүріп жатыр. Тасқаланың патриот қызы Гүлназ біздің аудан әкімінің орынбасары болып қызмет істеді. Бүгінде «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы жетекшілерінің бірі. Мәкеңнің өмірінің соңына дейін қолынан қаламы түспеген жан екені есімізде. Отбасы, ұрпақтарына жақсылық тілейміз. Абзал ағаның атын ел есіне салу мақсатында жазып отырмын. Тасқалаға еңбегі сіңген нар тұлғалардың есімін әрдайым ұлықтап, естен шығармайық, ағайын.

Арон Жұбанышев,

зейнеткер,

ауданның құрметті азаматы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале