25.04.2024, 9:01
Оқылды: 79

Тасқын су бұзған көңілді, Ташкент жеңісі жадыратты - ау

Жымпитылықтардың тасқын су бұзған көңілін Ташкенттен жеткен ақжолтай хабар жадыратқандай.

WhatsApp Image 2024-04-24 at 19.20.28

Cәуір айының 15 – 17 күндері Өзбекстан астанасында дзюдо күресінен өткен ашық турнирде Асқар Шайхиев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Қазақстан Республикасының намысын абыроймен қорғады.

Кілем иелерінен бөлек Тәжікстан, Әзірбайжан, Қырғызстанның балғын балуандары белдескен жарыстың алғашқы күнінде Батырхан Әділбеков 23 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды. Батырханның шалт қимылы, ширақ күресі ғана емес, құйылған мүсіні, құйындай мінезі де көрермендерді баурады. Оны тіпті өзбек күресінің жас жұлдызы Шавкат Бердумуратовпен ұқсатып жатты. Астанасындағы жарыста Шавкат та қатысып, алтыннан алқа тағынды.

Ал, жарыстың екінші күнінде қазақтың туын Жымпитыдағы спорт мектебінің тағы бір шәкірті Әлихан Мұратов аспандатты. Мәулет Қожахметовтың баулыған баласы финалда Сиовиш Хайдаровпен жолығып, кездесуді өз пайдасына аяқтап, чемпион атанды. Айта кетерлігі, 35 келі салмақ дәрежесінде 93 балуан жеңіске үмітті болған. Арасынан Әлихан дараланып шықты. Ол бүгінгі таңда Орал қаласындағы Олимпиада резервтерін даярлайтын мектеп-интернатта тәрбиеленуде.

Сырым даласындағы күрес өнерінің даңғылының жаңа дүбірі осы Батырхандар, осы Әлихандар!

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале