27.03.2025, 14:45
Оқылды: 212

Тасқынға тосқын: Дайындық нәтижесін берді ме?

Былтырғы көктемдегі табиғаттың тосын мінезі мемлекет үшін қыруар шығынға айналды. 2024 жылы наурыз айының 27 – і күні кешке жақын Өлеңті өзені арнасынан шығып, толқындар Жағалау мен С. Сейфуллин көшесіндегі үйлерді соғып тұрды. Түнде су ауыл ішіне кірді. Әбілқайыр хан көшесін айтпағанда, Өлеңті ауылының дариядан шалғай, биіктеу нүктесінде тұрған көшелер тұтасымен суда қалды. Тасқынның залалы Бұлдырты ауылына да тиді. Биыл Сырым ауданындағы су тасқыны оқиғасына - бір жыл. Бір жазда көше құраған жаңа үйлер, әлеуметтік нысандар жаңадан салынды.

PHOTO-2025-03-16-11-43-47

2025 жылдың тасқынына дайындық тастүйін болғанын жаздық. Шаралар өзінің нәтижесін берді ме? Бұл туралы Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовтан сұрадық:

  • Сұрағыңызға нақты жауап берейін, биыл Сырым ауданы көктемгі тасыған және еріген қар суларынан келетін қатерлерден залал тартқан жоқ. «Апаттың айтып келмейтінін» былтыр көзімізбен көрдік. Көп сабақ алдық, олқы жерлерімізді көрдік, кем тұстарымызды аңдадық. Сәйкесінше, су тасқынына дайындық жаз айларында басталды. Үкіметтің тікелей қолдауымен, Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен ақылдасқан түрде кешенді жұмыстар жасалды. 2024 жылы Өлеңті өзенінің бойынан 8,2 шақырымдық су қалқаны соғылды. Өзеннің ең төменгі деңгейінен 7,6 метрге биіктеттік. Айта кетейік, бұл жылдар бойы айтылып, бірақ орындалмай жүрген мәселе еді. Төтенше жағдай режимінің құзіреті шеңберінде ауыл үшін маңызды үлкен жұмысты атқаруға мүмкіндік туды. Кеше өзен бетімен мұз жүріп, су арна бойынан көтерілді. Бірақ, қалқан ауылды сенімді қорғап тұрды. Осы секілді, Бұлдырты ауылының солтүстік-шығыс бетіндегі ұзындығы 1,2 км, ені 4 метр, биіктігі 2 метр болатын бөгетті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Осындай шаруалар Қособа ауылдық округінде де атқарылды. Қособа, Жырақұдық ұзындығы 6,1 км, ені 3 м, биіктігі 2 м  болатын дамба қайта тұрғызылды. Қайта су басудың алдын-алу мақсатында аудандық электр торабы ғимаратының айналасы да құм – топырақ қалқамен қоршалды. Барлық 12 ауылдық округ бойынша су тасқыны шарасының паспорты жасақталды. Аталған паспортта тасқын орын алған жағдайда қабылданатын шаралар тізбесі қамтылған, – деді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов.

Тасқынға тосқын қоюда жауапты мекемелер, оның ішінде округ әкімдіктері, төтеншеліктер және коммуналдық сала қызметкерлері өзара тиімді әріптестік танытты.

PHOTO-2025-03-16-11-43-45 (2)

Көктемгі телегей судың көзі – қыстың қары. Су басу қаупі бар Жымпиты және Бұлдырты ауылдық округтерінде қар шығару жұмыстарына барлығы 11 ауыр техника жұмылдырылды. Жымпиты, Бұлдырты, Қоңыр ауылдарынан 21680 текше метр қар шығарылды. Сырым аудандық төтенше жағдайлар бөлімі берген мәліметке сүйенсек, Өлеңті өзенімен жүретін судың арнасын ашу үшін «Қапақ» нүктесіндегі 400 метр аумақтың қамыс-талы шабылыпты. Бөгет мақсатты түрде бұзылды.

Жымпиты ауылындағы су өткізу жолдарының жаңартылғанына былтыру куә болдық. Орталықтағы Амангелді, С.Сейфуллин, С.Датов, А. Байжанов көшелерінің бойынан құны 2 млн. теңге болатын 5 дана су өткізу құбыры салынды. Өлеңті өзенінің ұзындығы 200 метр болатын арнасын 6 метрге кеңейту жұмыстары жүргізілді. С.Датов, Амангелді көшелеріне су өткізу арықтары салынды.

Тасқын уағында бірінші атқарылатын жұмыс - судың жолын бөгеу емес, халықты қауіпсіз жерге көшіру. Аудан бойынша су басу қаупі бар 9 елді мекен белгіленіп, 9 эвакуациялық пункт және 430 орын төсек дайындалды. Жеке кәсіпкерлермен эвакуациялық пункттерге орналастырылған тұрғындарды тамақтандыру бойынша келісімшарт жасақталды.

Су тасқыны орын алған жағдайда тұрғындардың ауыл шаруашылық жануарларын қауіп-қатерден аман алып қалу бағытында ауылдардың маңындағы биік нүктелерде орналасқан шаруашылық құрылымдарымен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде 9 қауіпсіз жерден мал тұрақтары белгіленді.

Аудан аумағында су тасқыны орын алған жағдайда 83 техника жұмылдырылуға дайын болды. Атап айтқанда 15 бірлік  инженерлік , 10 эвакуациялық техника, 33 жеңіл автокөлік және 10 жүк көлігі және 15 трактор «сапта тұрды»

Сырым аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, 2025 жылы су тасқыны кезеңіне қуатты материалдық база дайындады. Ол дегеніміз - 30 генератор, 20 мотопомпа, 7 мотобур, 2000 литр бензин, 5000 литр дизель, 15 құтқару жилеті, 1 моторлы темір қайық, 1 моторлы үрмелі қайық, 1 үрмелі қайық, 15 дана рация, 4 дана құтқару арқаны, 6000 дана құм толтырылған қапшық, 25 800 дана қапшық, 300 тонна инертті материал.

Сонша дайындық текке кетті деуге әсте болмайды. Жымпиты ауылынан 13880 текше метр қар шығарылып, әр тұстан 5005 текше метр су сорылды. Өлеңті өзенінде 4865 ойық бұрғыланды.

PHOTO-2025-03-16-11-43-45 (1)

Өзеннің 10 нүктесінде 3300 шаршы метр аумақтың мұзы жарылды Сырым ауданына Оралдағы Е. Көкіұлы атындағы № құтқару батальонының сарбаздары келіп, қол ұшын берді.  Олар су жолдарын тазарту, құм қаптау жұмыстарымен айналысты.

Бұлдырты ауылының ішінен 4200 текше метр қар шығарылды.

Мұз жару жұмыстары Бұлдырты өзенінің бетінде де атқарылды.  2 нүкте бойынша 150 шаршы метр аумақтың мұзы сөгітілді.

Ойпаңдағы Қоңыр ауылында да қарғын судан қорғану қамы жасалды. Ауылдан 3570 текше метр қар сыртқа тасылды. Шідерті өзенінің қуатты ағысы Аралтөбе ауылына кіреберіс көпірді бұзды. Негізгі көпір жөндеуге жабылып, уақытша өткел жұмыс істеп тұрған. Бірақ, суға шыдамады. Байланыс 4 күннің ішінде қалыпқа келді. Әр ақпарат өзінің мезетінде өзекті.

Сырым ауданындағы су тасқынының сәтіндегі су жаңа деректер осындай.

Бауыржан Ширмединұлы,

Суреттерді әуеден түсірген:

Далер Кенеев

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале