Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың су тасқынына байланысты үндеуін әлеуметтік желіден оқыдық. Иә, еліміз бойынша жағдай күрделі.
- Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі. – деді Президент. Әрбір шаңырақ – бір жанұяның жиғаны, жылы ұясы. Көшеміздегі суға кеткен үйлерді азаматтардың қандай қажырмен салғанына куәміз. Сондықтан, шығындар өтелуі тиіс.
"Су тасқынынан тек тұрғын үйлер емес, кәсіпкерлік нысандар да зардап шеккенін ұмытпауымыз керек. Мәселен, жуырда ғана «Баян Luxe» кілем жуу орталығының жұмысын бастаған едік. Қызметімізді халық игілікке тұтынып, ұжымға жаңа қызметкерлер қабылданып, іс қозғалып жатыр еді. Алайда, арнасынан асқан су біздің орталықтың да ғимаратына келіп тірелді. Автокөліктерді жуу мен жөндеу бөлімдері, кілем жуатын аппараттар суда қалды. Жабдықтар істен шықты, кәсібімізге айтарлықтай зиян келді. Ғимараттың белуарынан келген су апта бойы тұрды. Төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері, азаматтар жағы қолдан келгенше көмек қылды. Тұрғын үйлермен бірге, төтенше жағдайдан залал тартқан кәсіпкерлік нысандардың шығыны өтелуі тиіс. Кәсіпті бастап, аяғынан тұрғызу оңай емес. Бар тапқан қаражатыңды саласың, несие аласың. Қарыз қаражаттар кешіріліп не мерзімі шегерілсе, ол да жәрдем болар еді", - дейді кәсіпкер Ақеділ Нұрмашев.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы,
zhaikpress.kz