Теректіліктер тосыннан келген тасқын судың алдын алуда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды. Тіпті ұйқы көрмей, өздерінің денсаулықтары сыр берсе де, бәрі бір мақсат алдында бірікті. Оны газет беттерінен, әлеуметтік желі парақшаларынан көрген оқырмандар жылы пікірлерін қалдырып, ризашылықтарын білдіруде. Мұндай жанашырлардың ішінде төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, еріктілер мен туған жерді шексіз сүйетін бір топ азаматтан бөлек ақ халатты абзал жандар да бар.
Иә, табиғи апат кезінде олардың тұрғындарға көрсеткен көмегі ұшан-теңіз деуге болады. Бұл кезеңде ауыр жарақат алған һәм сырқаттанған жан көп болды. Оларға қолұшын созып, телегей суды жалаң кешкен медицина саласындағы қызметкерлер қашанда алғысқа лайық! Жалақыдан ар ақысын биік қойған Сары Өмір дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі Алмагүл Салахиеваның ісіне сүйсіндік.
Оқиғаның тінін тарқатсақ, 2 сәуір күні 17:00-де Аңқаты дәрігерлік амбулаториясының мейіргері Э. Ғұмароваға Рыбцех ауылынан шақырту түсті. Шақырту жасаған аталған ауылдың қостағы малшысы сырымдық Амангелді Тәжиев еді. 1979 жылы туған малшының жүрек тұсы шаншып, әлсін-әлсін қысқа мерзімді естен тану жағдайы байқалған. Мейіргерге Рыбцех ауылына шақыртуға байланысты Теректі ауданының 2-ауруханасының емдеу ісі жөніндегі орынбасарына ескертіп, трактормен жолға шықты. Көлік жүре алмай, тек сумен Сарыөмір ауылы арқылы Шалқар көлімен баруға тура келген. Төтенше жағдай қызметкерлеріне ауа көлігі керектігі туралы талап қойылды. Дегенмен олар ауа көлігін бере алмайтындығын ескертті. Сумен Сарыөмір ауылынан Шалқар көліне түсіп, Рыбцех ауылына барудың жалғыз жолы осы болды. Мейірбике Алмагүл Орынбасарқызы еш ойланбастан қайық берілсе, науқас үшін барамын деп, кесіп айтты. Ми балшық, сеңнің қауіпі сияқты жағдайлардан өзінің денсаулығынан науқастың сауығып кетуін алға қойды. Күн болса, ұясына батып барады. Айналаны қараңғылық басып, жол алыстай берген. Дегенмен айтқанынан қайтпай, ерлік танытқан білікті маман науқасқа дейін Шалқар көлімен 16 шақырым судың қатты ағысымен кей жерлерде сеңге ұрылып, кей жерде мұздың үстіне қайықты сүйрелеп судан шығып, 1.5 шақырым жаяу балшықпен жүріп, түнгі сағат 00.00-де бір-ақ жеткен. Малшыға жедел коронарлы синдром (ОКС) диагнозы қойылды. Алмагүл Салахиева жедел көмегін көрсетіп, барған жолмен емес уақытты үнемдеу мақсатында Шалқар көлінен өтіп Шалқар ауылынан шығуға бел буды. Ел шырт ұйқыда жатқан уақытта Шалқар ауылының Шалқар көлінің жағалауына келіп, науқасты жедел жәрдем көлігіне салып, Сарыөмір дәрігерлік амбулаториясына жеткізді.
Амбулаторияда алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіліп, ЭКГ түсіріліп, облыстық кардиологиялық орталықтың мамандарымен кеңесіліп, қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізу нұсқалды. Осылайша таңға дейін бір адамның өмірін өзінің біліктілігінің арқасында қорғап қалды. Міне, тасқын кезінде де тосырқап қалмаған маманның әрекеті осындай. Бұл қиын сәтте жалған ақпарат таратып, өз басымен әуре болған кей жанға үлгі болар деген үміттеміз!
Ақтілек Әлібек,
Теректі ауданы