10.04.2024, 16:16
Оқылды: 30

Тасқынның екінші толқыны: қай тұс қауіпті, жағалауды кім бекітуде?

Ресей Федерациясының Орынбор қаласының тұсында 9 сәуірдің түнінде Жайық өзенінің деңгейі ең жоғары межеге дейін көтерілген. Демек, бұл алапат су облысымызға, біздің ауданға шамамен бір аптаның ішінде келеді деген сөз. Соңғы бір ғасырға жуық болмаған табиғи апаттан ен Жайықтың жағасын тең жайлаған Ақжайық ауданының ауылдарын аман алып қалуға қарекет өткен аптадан басталды.

IMG_0119
Апта дүйсенбісінде аудан әкімі Мұрат Сердалин аудандық штабты жинап, атқарылған жұмыстарды пысықтады және олқылық кеткен тұстарды айтып, жедел арада ретке келтіруге тапсырды. Штаб отырысына ауылдық округ әкімдері онлайн қатысты.

Жайық өзенінің Самар бетінде 8 ауылдық округтің 18 елді мекені, Бұқар бетінде 6 ауылдық округтің 14 елді мекені орналасқан. Әрқайсысында тұрғындар су тасқынының алдын алу, қиындықтан аз шығынмен шығу мақсатында жұмылып, жанталаса бөгеттерді бекітуде.

Негізінен, ауданда қауіпті деп саналатын 11 учаске бар. Олардың жетеуі Чапаев, қалғандары Есенсай, Қарауылтөбе, Ақсуат, Алмалы ауылдарында. Осы тұстарды 1994 жылы су шайып, Жайықтың деңгейі 853 см көрсеткен. Қауіпті аймақтар, әрине, басты назарда, дегенмен өзге елді мекендерде де сақтық шаралары қамдалуда. Ауылдық округтердің әрқайсысына осыған дейінгілеріне қосымша 1000-1500 қап дүйсенбіде жеткізілді. Аудан әкімінің тапсырмасымен апта сейсенбісінде Жайықты бойлай орналасқан ауыл-елді мекендерде тасқынға тосқауыл қою мақсатында мекеме қызметкерлері жаппай шығып, қап қаптап, топырақ тасыды.

– Үлкен су келмейді емес, келеді – бұл факт. Облыстан жөнелтілген көптеген техника Жайық іргесін бекіту үшін ауданда жұмыс істеуде. Бәріңізге де жеткілікті жанар-жағармай бөлінді. Қажет жерлерге ауыр техниканы жібереміз. Сол техникамен жұмыс істейтіндердің ас-суын, жатар орнын қамдаңыздар. Ауылдық округ әкімдері, өз аумақтарыңды бес саусақтай білесіңдер. Жұртшылықпен ақылдасып, бұрын су кірген жерлерді қазірден бастап бекемдеулерің қажет. Арқаны кеңге салып, істе салғырттық танытатын кез емес. Халықтың амандығы, мал-жанның түгелдігі тұр таразы басында. Қаншама күш жұмылдырылуда, қаншама жұмыс атқарылуда – бір ғана қателік осының бәрін ертең текке кетіруі әбден мүмкін. Мұқият болуымыз керек, – деді аудан әкімі штаб отырысында.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, Мұрат Сердалин жиында эвакуациялық қосындардың да дайындығын қазірден бастап қамдау қажеттігін баса атап өтті. Аудан округтерінде 20 мектеп, 12 мәдениет үйі, Чапаев пен Тайпақ ауылдарындағы дене шынықтыру және сауықтыру орталықтары, аудан орталығындағы колледж бен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жатақханалары эвакуациялық пункт ретінде белгіленген. Су тасқыны орын алған жағдайда бұл қосындар 8360 адамға дейін қабылдауға дайын тұр.

Жайықтың жағасында 30 ауыз су ұңғымасы бар. Олардың алтауына су басу қаупі төніп тұрған жоқ, ал қалғаны өзен деңгейі көтерілсе, топан су астында қалуы мүмкін. Сондықтан «Жайықтехсервис» МКК ұжымы қазір су мұналары мен резервуарларды толтырып, қандай жағдайға да сақадай сай дайын отыр. Егер ұңғымалар судың астында қалып жатса, халыққа ауыз су су таситын көлікпен жеткізілмек.

Жайықтың деңгейі көтерілсе, тасқын ең алдымен аудан орталығы Чапаев ауылына қауіп төндірмек. Сондықтан мұнда су жайылуы мүмкін көшелерде жасанды бөгет құрылып, бұл істе мекеме-бөлім қызметкерлері көмекке келіп, қаптарды қаптап, өзге де жұмыстарға септесті.

Аудан орталығының тұсында өзен деңгейі қауіпті межеден асса, Республика, Қазақстан, Жұбан, Исатай, Өтепбаев, Еңбек көшелері, Кірпіш зауыты, Мұнай базасы шағын аудандарын су басуы мүмкін. Ауыл әкімшілігінің ұйымдастырылуымен су жолына бірнеше мыңдаған қап төселіп, КаМАЗ-бен топырақ түсірілді. Сонымен қатар 1000 қап инертті материалдармен толтырылды, бұл жұмыстар алда да жалғасады. Барлық көшелерде топырақ көтеріліп, жағалау қаптармен биіктетілді.

– Су тасқынына тосқауыл болу – баршамызға ортақ іс, – дейді Чапаев ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Қайрат Сапарғалиев, – Осы шарада ауызбіршілік танытқан барлық жерлестерімізге алғысымыз зор. Жайықтың жағасын бекіту жұмыстары өткен аптадан басталып, әлі жалғасуда. Күн сайын көмекке әр мекемеден әр азаматтар келіп, жұмысқа қолдау білдіруде. Сонымен қатар облыс орталығынан ауыр техника жетіп, ісімізге қарқын қосты.

Жайықтың бойын жағалай орналасқан қай-қай ауылда да осындай қарбалас қам-қарекет орын алды. Айталық, Жайықтың жағасында орналасқан Қарауылтөбе ауылының тұрғындары топырақ қапталған қаппен ескі бөгеттің опырылып кеткен жерін бекітті. Мұнда 1994 жылы Жайық көтерілгенде ауылдан шетқары тұрған Экспедиция көшесін су басқан болатын. Сол кезде тұрғындар көтерген тағы бір бөгет бекітіліп, ауылға өзеннен қауіптің төнбеуі қамдалды.

Базартөбе ауылдық округінің Қызылжар елдімекенінде де жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді. Алмалы ауылдық округінің әкімшілігі алдымен бүкіл күшті округке қарайтын Атамекен ауылының тұсындағы өзен сағасын биіктетуге арнады. Мұнда қожалықтардың техникасын пайдаланып, қауіпті жерлерге топырақ үйілді.

Есенсайдағы ағайынға облыс орталығындағы «Uniserv» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен ауыр техникамен көмек келді. Шынжыр табанды тиегіш округке қарасты Кеңсуат ауылының тұсында Жайық жағалауын биіктетті. Есенсай ауылына кіре беріс жолындағы су өткізетін тұрбаның үсті қаптармен нығыздалып, топырақ төселіп, қалыңдатылды. Ортақ істен ауыл азаматтары да тыс қалып жатқан жоқ. Ауылдың шаруа жігіттері екі трактор тіркемесімен қоса беріп, топырақ тасып көмектесті.

Қазір ауылдық округтерде Тасқала ауданынан келген «КамАЗ», катапиллер-экскаватор, Орал қаласынан жеткізілген 2 тиегіш техника, 1 аударғыш жүк машинасы, 3 экскаватор тасқынға қарсы жұмылдырылды.

Әлия Шарапиева, 
Ақжайық ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале