7.03.2025, 9:30
Оқылды: 332

Татамиден табысты кәсіпкерге айналған сырымдық Ерболат Абдуғалиев көпке үлгі

Ерболат Абдуғалиевті сырымдықтар осыған дейін спортшы ретінде танып келді. Самбо, қазақ күресінен аудандық, облыстық жарыстардың жеңімпазы болған спортты, шәкірт тәрбиелеуді мал шаруашылығына алмастырды. Бүгінде кәсібінен нәсіп тауып, шаруасын дөңгелетіп отыр.

IMG-20250306-WA0188

Ол Сарой ауылдық округінде орналасқан «Алдияр» шаруа қожалығын құрып, бірнеше жылдан бері етті ірі қара малын бордақылап, сапалы өнім ұсынуда. Қожалықтың негізін қалаған Ерболат Талғатұлы бұл кәсіпке 2015 жылы батыл қадам жасап, бүгінде өңірдегі мал бордақылаудың үлгілі орталықтарының біріне айналды.

Ерболат Талғатұлының мал шаруашылығындағы алғашқы қадамы үйдегі төрт бұқаны бордақылаудан басталды. Одан кейін кәсіпті кеңейту мақсатында «Береке» бағдарламасы арқылы 1,2 миллион теңге несие алып, 10 бұқа сатып алды. Кәсібі дөңгеленіп, келесі жылы бұл санды 15-ке, кейін 50-ге жеткізді. Бастапқыда жай ірі қара өсірсе, бүгінде қазақтың ақбас және ангус тұқымды бұқаларын бордақылаумен айналысады.
Қазір қожалықта бір мезетте 55 бас бұқа бордақыланады. Оның ішінде 25-30-ы ақбас тұқымды. Жылына орта есеппен 100 жас мал бордақылауға қойылады. Малдың әр бағымы 5-6 ай ішінде қажетті салмақ жинап, сатылымға шығарылады.
Ет өнімдері Орал қаласындағы «Аяжан» сауда үйі, «Алтын алма» және темір жол вокзалының базарларында сатылады. Бағасы сұранысқа қарай өзгеріп отырады. Өткен жылы еттің келісін 2200-2300 теңгеден өткерсе, биыл бұл баға 2400-2500 теңгеге дейін көтерілген. 300 келі тартатын малдың еті жоғары сұранысқа ие. Ал жақсы семіртілген ірі қара 400-500 келіге дейін жетеді.

Қожалықта малға ерекше күтім жасалады. Әрбір жаңа кірген бұқаға қотыр мен ішекқұрттарға қарсы екпе салынады. Сондай-ақ әр екі ай сайын «Мультиминерал» дәруменімен толықтырылады.

IMG-20250306-WA0185

Мал азығының да өзіндік есебі бар

Жылына 80 тоннаға жуық арпа, бидай жұмсалады. Күніне екі мезгіл жем, екі мезгіл шөп беріледі. Үлкен бұқалар күніне 15 келі, кішіректері 10 келі жем тұтынады. Шаруа қожалығының жай малдарға беретін шөп қоры 500-600 ораманы құрайды.
Мал суару моторлы құдық арқылы іске асады, күнделікті бір рет суарылады.
Бүгінде қожалықта екі азамат тұрақты жұмыс істейді. Бірі бордақылаудағы малдарды күтсе, екіншісі сырттағы аналық ірі қараларды бағады.

Ерболат Абдуғалиевтің өсірген ірі қарасы 400-500 келіге дейін салмақ жинайтыны ауыл ішінде аңызға айналған. Кәсіпкердің бұл еңбегі кезінде атақты мал бордақылаушы В.И. Шубиннің еңбегімен салыстырылып жүр. Алайда бүгінде дәл сондай табысты шаруаны қазақтың қарапайым баласы жалғастырып, аудандағы ет өндірісін өркендетіп келеді.
Шаруа қожалығының жұмысы – ауылдағы жас кәсіпкерлерге үлгі. Кәсіпке адалдық пен еңбектің арқасында Ерболат Талғатұлы өзінің кәсібін өрге сүйреп, отандық ет өндірісіне өз үлесін қосып отыр.

Шынар Молданиязова
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале