13.11.2020, 12:16
Оқылды: 37

Татарстан Президентінің алғысын алды

Осыдан 62 жыл бұрын Бәйтерек ауданына қарасты Дариян ауылына қоныс аударған Райса Яркаеваны ауылдастары қатты құрметтейді және оның еңбек жолын үлгі тұтады. Зейнет жасына шыққанша құрылыс саласында аянбай еңбек еткен ардагер 1928 жылы Башқұртстанның Сарашыбаш ауылында дүниеге келген.

A87CCA1C-2FFD-4512-BCEE-D97D22A93031

Сұрапыл соғыс басталған шақта небары 13-те болған қыз өзге замандастары секілді еңбекке ерте араласады.

-Сол кездегі өмір де, адамдар да өзге еді. Халықты барынан айырған қан майданның уақытында ауыл адамдарының бірлігі нығайып, бір үзім нан мен қара шайды бөлістік. Майданға азық-түлік пен киім-кешекті молырақ жіберуге тырысатынбыз. Даладан арбамен шөп тасып, соқамен жер жыртқаным да есімде. Одан бөлек колхоздың басқа жұмыстарын атқардық. Соғыс кезінде ауылдағы халық ахуалының қаншалықты қиын болғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес,- дейді Раиса әжей.

Раиса Фатлалисламқызы кейін елімізге қоныс аударады. Дариянда да өзіне жүктелген жұмысты абыроймен атқарып, өз әріптестері мен көпшіліктің құрметіне ие болады.

Жуырда Раиса әжеміздің еңбегі еленіп, Татарстан Президенті Р.Н.Минниханов оған екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жылдығына арналған құттықтаухатын жолдады. Раиса әжемізге хатты «Мариям» татар этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Руза Самарцева салтанатты түрде табыс етті.

- Ғұмырымды  еңбекке арнап, марқұм жолдасым екеуміз 7 баланы өсіріп, оқытып ел қатарына қостық. Ел үшін еткен еңбектің елегені қуантады. Ең бастысы ел аман, бауырымыз бүтін болсын,- дейді Раиса апамыз  

Гүлжан  Аязбаева,

Бәйтеркек ауданы

zhaikpress.kz

-  

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале