24.03.2017, 14:24
Оқылды: 20

Татулық - табыстың басы

Әз Наурыз мейрамын Шыңғырлау ауданының халқы биыл ежелден көрші Ресей мемлекетінің Орынбор облысы Тұзтөбе және Елек аудандары өкілдерімен бірге қарсы алды.

Арнайы сапармен келген делегация әлеуметтік-экономикалық, бизнестік орта қалыптастыру аясындағы мәселелерді ортаға салған дөңгелек үстелге қатысты. Жиында аудандардың бүгінгі даму қарқыны, алдағы әлеуметтік-экономикалық серіктестік бағытындағы жоспарлы жұмыстары бағытында келелі мәселелер ортаға салынды. Аудан әкімі Альберт Есалиев осынау екіжақты тиімді қарым-қатынастың бұдан әрі де жалғасын тауып, ауданымыздағы ұлтаралық бірлік, татулықтың арқасында екпінді еңбек, тату көршілік және тиімді бизнестік серіктестігіміз дами береді деген тұжырымын жеткізді.

Меймандар тарапынан ықылас-құрмет белгісі ретінде сыйлықтар тарту етіліп, ізгі тілектер арналды. Бұдан әрі лауазымды меймандар халық болып тойланып жатырған Наурыз мерекесіне келіп араласты. Мейрам барысында қонақтар аудан халқын мерекемен құттықтап, мерекелік ән-шашу, концерттік бағдарламаны тамашалады, жағалай созылған аудан мекемелері мен ұжымдары әзірлеген дастарханнан дәм татып, арнайы тігілген киіз үйлерде болды.

Бұдан соң қазақ күресінен өтіп жатқан мерекелік жарысты тамашалап, аудандық Мәдениет үйі, саз мектебі, 290 орындық «Болашақ» балабақша-бөбекжайын аралады. Сонымен қатар олар «Арай» жазғы-қысқы демалыс лагерінде, аудан орталығындағы «Теща» супермаркетінде болды.

Қаршыға Елемесов

 Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале