Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облысы əкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева іссапармен Шыңғырлау ауданына келді.
Алыстан ат арытып келген мейманды аудан әкімінің орынбасары Е.Тұрмағамбетов қарсы алып, ауданымыздан шалғай орналасқан, халқы мамыражай тірлік кешіп жатқан Алмаз ауылдық округіне қарасты Сегізсай ауылына бастап әкелді. Бибігүл Тишанқызы алдымен ауылда үстіміздегі жылы салынған бір қабатты, екі пəтерлі тұрғын үйде болып, қоныстанушылармен жүздесті. Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастау алған тұрғын үйдің құрылысын мердігер "БатысКотлоМонтаж" ЖШС жүргізіп, уақытынан бұрын аяқтап, барлық коммуникациялық жүйелерді қосып, пайдалануға берген.
Үш жыл бұрын ғана осы ауылда жаңадан салынған мектеп пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындарын ерекше бір қуанышқа бөлеген еді. Сапар барысында облыс əкімінің орынбасары аталмыш мектепте болып, мектеп ұжымымен де жүздесті.
Мұнан әрмен облыс əкімі орынбасарының сапары Лубен ауылында жалғасын тауып, жергілікті қаражаттан салынған екі пәтерлі тұрғын үйде болып, қоныстанушыларды жаңа қонысымен құттықтады. Бұл мекенде сонымен қатар «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, су құбырының құрылысы жұмыстары басталып кеткен болатын. Сәтін салса ауылға таза ауыз су келесі жылы келмек.
Ел мерекесі қарсаңында қуанышты хабарды тосқандардың бірі Ақбұлақ ауылдық округі болатын. Жергілікті халықтың өтініштері жүзеге асып, ауылда ұялы байланыс іске қосылды. Бұған қоса «Ақбұлақ» бағдарламасының аясында мекенге таза ауыз суы келіп, әр тұрғын бейнеттеніп су тасу әбігерімен де қоштасты. Су құбырын тарту жұмыстарымен айналысқан «ЛАЙГЭ» ЖШС 183 үйге таза су жеткізіп, тұрғындарға қуаныш сыйлады. Округтегі таза ауыз судың беріліп, салтанатты лента қию рәсіміне қатысқан Бибігүл Тишанқызы ауыл халқын Ел Тәуелсіздігі мерекесімен құттықтады.
Гүлшат Ботанова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz