Теректі аудандық білім беру бөлімінің қолдауымен, Балалар шығармашылық үйінің «Жас тілші» үйірмесінің ұйымдастырумен Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік құрдастары» жобасы өтті. Барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған кездесу аудандық білім беру бөлімінің facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан тікелей эфирде таратылды.
Жоба қонағы - айтыс ақындары мен жыршы-термешілері халықаралық одағының мүшесі, айтыскер ақын Жарқынбек Шынтаев. Жоба екі айдарға яғни, бірінші бөлім «Сұрақ-бізден, жауап-сізден» болса, екінші бөлім «Кейіпкермен бетпе-бет» деп бөлінді. Сұқбат барысында қонақ жоба авторы және ұйымдастырушысы Үміткер Орынғалиевтің сауалдарына және көрермендер көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Шара барысында көрерменнің сұрауы бойынша жастар арасында кең таралған, ақынның төл туындысы «Сағынса жүрек» әнін шырқады. Айтыскер Жарқынбек Шынтаев сөз басын арнау жырмен бастады. Ақынға жеке өмірі мен шығармашылығына қатысты сауалдар қойылды.
-Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасымын. Ата-әженің қолында қазақы тәрбие алып өстім. Қазіргі таңда Бөрлі ауданында тұрамын, мәдени қызметкермін. Айтыс сахнасына Бөрлі колледжінде 3-курс оқып жүргенімде шықтым. Содан бері жыр бәйгесінен қалмай келемін. Айтыс — ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы. «Жігітке жеті өнер де аз»,- демекші ақындық өнерімнен басқа асабалықпен де айналысып, ән айтып, актерлік шеберлігімді де шыңдап келемін. Сонымен қатар, бау-бақша егіп, күтіп-баптағанды ұнатамын. Студент кезімде «Жайдарман» ойының ойнағам, қазір де әзілден құр алақан емеспін, Бөрлі аудандық демалыс орталығы жанынан құрылған «Мұрагер» театрында әртіспін. Жалпы, Тәуелсіздік құрдасы болу - мақтаныш әрі жауапкершілік деп білемін. Тамаша тақырыппен бастау алған жобаларыңыз жалғасын таба берсін,- деді Жарқынбек Теңелгенұлы.
Кездесу соңында Тәуелсіздіктің төл құрдасы Жарқынбек Шынтаевқа Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұловтың атынан алғыс хат табыс етілді.
Балнұр Қуанышқызы,
Теректі ауданы