Таяуда Мейірхан Сисенов Новопавлов ауылында кір сабын шығаратын кәсіп бастады. Қазір оның шағын цехының қуаты тәулігіне 4000 дана сабын дайындауға жетеді.
- Әр адам кәсіпкер бола алады. Ең бастысы, бастаған ісіне адал болып, талмай еңбек ету қажет. Талпынған адамға мүмкіндік те көп. Мәселен, өзім «YouTube» әлеуметтік желісінен кір сабынның жасалу жолын қарап, содан үйреніп алдым. Одан әрі көздеген мақсатымды жүзеге асыру үшін Тараз қаласына барып, білімімді жетілдіріп оқып келдім. Аталмыш істі қолға алғаныма бір айдай уақыт болды. Өзімнің темір тұлпарымды сатып, қаржысына құрылғылар алдым. Үй шаруасында көп қолданатын әрі бағасы да төмен дүниенің бірі кір сабын ғой. Кір сабын жасауға қажет шикізаттың барлығы қолжетімді. Құрамына ешқандай химиялық зат қоспаймыз, тек өсімдік және жануар майын пайдаланамыз. Жалпы, кір сабынның пайдасы өте көп. Біріншіден, табиғи және экологиялық таза өнім. Екіншіден, тіпті қатты сіңген кірді де кетіре алады. Онымен суық суда да, ыстық суда да жууға болады. Жүннен тоқылған бұйымдарды кір сабынмен жуса, олар үлпілдек әрі жұмсақ бола түседі. Үшіншіден, адамға да пайдалы. Ол аллергия тудырмайды, теріні тітіркендірмейді. Кішкентай балалардың да киімдерін жуады, – деді Мейірхан Сейілханұлы.
Оның айтуынша, кір сабынға сұраныс бар. Бүгінде кәсіпкер өнімін сату үшін қаладағы шаруашылық тауарларын өткізетін көтерме сауда иелерімен келісімге келген. Бір сабынның құны – 130 теңге. Келешекте мемлекеттен грант алып, кәсібінің өрісін кеңейтіп, сусабын, сұйық сабын шығаруды жоспарлап отыр.
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz