5.08.2025, 20:30
Оқылды: 452

Тазалық бақылауда тұр

Казталов ауданы әкімінің орынбасары Айдар Менеев аудан орталығындағы санитарлық жағдайды бақылау және жақсарту мақсатында кәсіпкерлік нысандарды аралап, жауапты тұлғаларға заң аясында түсіндіру жүргізіп, тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.

eff29b3d-7384-4d7e-bb45-a79b13f4f4cf

Жұмыс барысында аудан басшылығы әрбір кәсіпкерлік нысанның тазалығы тек нысан иесінің емес, жалпы аудан көркі мен тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті. Сауда орындары, дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне ішкі және сыртқы тазалықты сақтау, қоқыс шығару тәртібі, ауланы көгалдандыру және гүлзарлар отырғызу бойынша нақты кеңестер берілді.

– Бұл шараның негізгі мақсаты – кәсіп иелеріне айыппұл салу емес, керісінше оларды ортақ жауапкершілікке тарту. Тазалық – баршамызға ортақ міндет. Ауданның көрікті әрі таза болуы әрбір азаматтың, әр кәсіпкердің белсенді атсалысуына байланысты. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жүйелі түрде жалғасын табуы қажет. Бұл бағыттағы шараларға тұрғындарды белсенді қатыстырып, аулаларын таза ұстау, ескі техникаларды ауласында орналастыруды ұйымдастыру, көшенің тазалығын қамтамасыз етуге жұмылдырып, барынша қолдау білдіруі маңызды. Санитариялық жағдайды сақтау бойынша жұмыс алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады, – деді аудан әкімінің орынбасары Айдар Қазбекұлы.

Аудан басшылығы ауыл тұрғындары мен кәсіп иелерін өз аулаларын таза ұстауға, тазалық мәдениетін қалыптастыруға шақырды. Сонымен қатар, санитарлық талаптардың сақталуы тұрақты түрде қадағаланып отыратыны ескертілді. Талаптардың орындалмауы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы аясында жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені ескертілді.

Кәсіпкерлер бұл бағыттағы рейдтердің қажетті әрі пайдалы екенін айтып, санитарлық талаптарды орындауға дайын екендерін жеткізді.

Гүлнұр Бөлешова,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале