Айналасын қоқыстан тазарту, абаттандыру туралы тиісті ескертуді алып, он күн бойы оған ақшасын бермеген мекеме-кәсіпорын басшылығы мен жеке тұрғын үй иелеріне айыппұл салынады. Наурыз айының соңында бұл бағытта аудан басшылығы тарапынан ауылдық округ әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілді. Соған орай Переметныйда 139, Мичуринде 89 хабарлама жіберіліп, 31 айыппұл салынған, Достықта 4, Рубежинде, Январцев 6, Трекинде 5, Дариянда 9 жауапсыз тұлға айыппұл арқаласа, Атамекен ауылдық округінде 450 хабарлама жөнелтіліп, ешкімге айыппұл салынбаған.
Бұл туралы аудан әкімдігінде тал-терек егу мен тазалық мәселесіне орай өткен жиында айтылды. Аудан әкімі орынбасары Мұрат Залмұқановтың төрағалығымен болған жиында құрылған мониторингтік топтың жұмысы, тазалық ісіне бейғамдық танытқан тұрғындарға әлі күнге айыппұл салынбауының себебі, сондай-ақ, егілген көшеттер күтімі сынға алынды.
Аудан әкімі аппаратының бөлім басшысы Бағдат Халденовтың мәліметіне сүйенсек, тал егу бойынша 22 ауылдық округте қазіргі таңда 7086 түп ағаш отырғызылған. Алайда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің есебі (4700 түп) бұл көрсеткішпен сәйкес келмеуде. «Алшақтықтың себеп-салдарын нақтылап, алдағы уақытта санға емес, сапаға жұмыс істеу шарт. Егілген талды «мал тапап кетті, жеп қойды» деген әңгімелер болмауы керек» деді Мұрат Дүйсенұлы.
- Аудан бойынша егілуі тиіс 29 000 түптің көктем айларында 70 пайызын орындау маңызды. Қалғаны күз мезгілінде жалғасады. Сонымен қатар жоспарда Январцев ауылдық округінде қосымша 45 000 түп тал-терек егу міндеті тұр. 22 сәуір – жалпы қазақстандық ағаш егу күні. Бұл күн аясында егілген және егілетін 1920 түп ағаштың барлығы өсіп кетуіне назар аударған жөн. Осы тұста, жерді дайындау, жырту мәселесіне аса көңіл бөлу керек. Уақытылы құятын суы қадағаланса, тал-теректердің өсіп кетуіне мүмкіндік бар. Әлеужелідегі белсенділікті арттырып, атқарылған қыруар істі көрсетуге келгенде мүдірмейік. Бұл бағытта мичуриндіктерді үлгі етуге болады, - деді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің Аслан Даубаев.
Жиынға қатысушылар көгалдандыру ісіне көшелерді ұйымдастырып, жоғары сынып оқушыларын, кәсіпкерлерді, шаруа қожалық иелері мен мекеме-кәсіпорындарды тарту сынды ұсыныстарын да айтты.
Айта кетейік, ауданда тазалық айлыға аясында 4 сенбілік ұйымдастырылып, 774 тонна қоқыс шығарылған. Оған 98 техника мен 2843 адам күші жұмылдырылды.
Сондай-ақ басқосу барысында ен-таңбасы жоқ, қараусыз мал мәселесі де қозғалды. Биыл Атырау-Орал тас жолында осындай 2 жол көлік оқиғасы тіркелген. Сондықтан иесіз малды айыппұл тұрағына қамап, округ әкімдеріне бағымдағы малда бақташы болуын қатаң қадағалауда ұстау тапсырылды.
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz