3.07.2020, 10:41
Оқылды: 63

Тазалықты сақтамай, көркеймейді ауылың

«Тазалық – денсаулық кепілі» дейді дана халқымыз. Исламда «Иманның жартысы – тазалық» деген тамаша тіркес бар. Қазақ халқы әлмисақтан тазалыққа ерекше мән берген. Жұмыр жерді мекендейтін сан мыңдаған тіршілік атаулының ішінде Жер анаға адам баласынан артық қиянат жасайтын жан иесі жоқ екен. Ондай жандар ауданымыздан да табылады. Себебі қазіргі кезде Жаңақала ауданы орталығындағы тазалық көңіл қуантпайды.

CD945E23-FA08-4BF4-85FC-2F12ED6F5D0F

Ауданымызда басқа бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргенімен, тазалық мәселесіне келген кезде ақсап тұрғанын қайтіп жасырайық. Оған өзіміздің салғырттығымыз да себеп болып отыр. Қасиетті даласын көзінің қарашығындай аялайтын қазақ «ат аунаған жерде түк қалады» деп қастерлейтін. Қазір жағдай мүлде бөлек. Табиғат аясына демалуға шыққан әрбір аудан тұрғынының артында кемінде 10 келі қоқыс қалдығы қалатын жағдайға жеттік. Туған өлкеміздің тазалығы алаңдатқасын фотоаппаратымызды асынып, велосипедпен ауыл ішін араладым. Адам айтса нанғысыз жайттарға тап болдым десем, артық айтқандық емес. Тазалық былай тұрсын, жинауға тиіс қоқыстарын шығармаған адамдар да жетіп артылады. Елге ақыл айтып, бұқараға пәлсапа соғып жүрген кейбір ағаларымыздың ауласының артқы жағы көң-қоқыстан қоқып жатқанын көргенде, көңіліміз құлазып сала берді. Сөзіміз дәлелсіз шықпас үшін, сол сүреңсіз көріністерді фотоаппаратқа бірнеше мәрте түсіріп алдық. Әттең, газет беті аудан орталығындағы барлық суретті көтермейді. Әйтпесе айқайлатып тұрып беруге болар еді.

Тағы бір алаңдатарлық мәселе – кесілген терек қалдықтарының шашылып жатқандығы. Саябақтардың ішінен шыққан теректердің қалдықтары әр жерде шашылып жатыр. Жауапсыз басшылық, өз ісіне салғырт қарайтын мамандардың ісі екенін көрініп тұр. Аудан орталығының шет жақтарын да шолып шықтым. Қапшық толы памперстерден көз сүрінеді. Арнайы қоқыс алаңына төкпей, мал жайылатын далаға апарып төгетіндіктерін қайтерсіз. «Алла сана бермесе қиын ғой» дедім іштей. Төгіп жатқан адамдарды дер кезінде ұстап алмағасын да, біреуді кінәлай алмайсың. Десе де өзге аумақтан біреулер әкеліп төкпесі айдан анық, күннен жарық нәрсе.

Бастауыш сыныпта сабақ берген Гүлбарам Шайхиева есімді ұстазымның мына бір әңгімесі көңілімде жатталып қалыпты. Ұстазымыздың жолдасы Жеңіс ағай әскери борышын Германияда өтеген екен. Жанындағы өзі сияқты сарбаздардың біреуі темекі тұқылын жолдың бойына лақтырып жіберсе керек. Жасы жетпістен асқан кемпір әлгі тұқылды көтеріп, қоқыс жәшігіне салып жатып: «Бұл тұқыл менің Отанымды ластамауы керек. Келесіде арнайы қоқыс жәшігіне салыңдар!» деп ескерту жасапты. Сол сәтте сарбаздардың барлығы ұялып, сол маңайды түгелдей тазалап шығыпты. Міне, патриоттық! Біздің жерлестерімізге де сол неміс кемпірдің санасын берсе ғой деп тілейсің. Қош...

07B2E72A-A462-4025-BA9E-3DF47B4F5457

Жаңа тратуар бастап салынған жерден, зират жаққа қарай біраз метр жер қазылған. Су тартылған ба, әлде жаңбырдың суы үшін қазған ба, ол жағы белгісіз. Сол қазылған жердің іші түгелдей босаған бөтелкелерге толып қалған. Оны да тазалап, қадағалайтын мекеме жоқ дегенге сенгің келмейді. Өз ауылың болғасын жаның ашып жазасың ғой. Жанашырлықпен жеткізген жанайқайымызды түсінер жан табылар ма екен? Ауыл ішін аралап болғаннан кейін ауыл сыртында орналасқан қоқыс палигонына жол тарттым. Барар бағытым белгілі. Бір қуанарлығы – қоқыс полигонын толықтай болмаса да қоршапты. Бұл - құптарлық іс. Қоқыс полигонының сыртындағы шашылған қоқыстардан аяқ алып жүре алмайсыз. Мүңкіген иіс, тері қалдықтары, аппақ боп жамырап жатқан пакеттер, бөтелкелер мен баклашкалар, сүйектер мен тұрмыстық заттардың қалдықтары сыртқы жағында өте көп мөлшерде кездеседі. Газетіміздің №25 санына сұхбаты шыққан Әлішер Ғұмар қоқыс полигонын дронмен түсіріп, 1 минуттық бейнеролик дайындап, оны әлеуметтік желіге салған болатын. Ол бейнеролик Нұр-Сұлтан қаласындағы құзыретті органдарға дейін жеткен болатын. Жақында Әлішер тағы да бейнеролик шығарды. Қоқыс полигонының қоршалғанын жаза келіп, бейнетаспамен көрсетіп, сыртындағы қоқысты арнайы техникамен түйіп жатқанын да таспалапты. Автордың айтуынша, бұл дұрыс емес екен. Енді ол жерге шөп шықпайтын көрінеді. Бұған біз де алаңдадық. Мән-жайды білмекке Жаңақала ауылдық округі әкімі Абзал Ғайноллаұлына арнайы барып, сауалдарымызды қойған едік.

4F675C98-ED33-4237-8E92-F71FBC08B6FC

- Бір жаңбырда шайылып кетеді. Шөп өспейді деуге негіз жоқ. Түймегенде қалай жинайсың? Тазалап жатқандарға мін тақпау керек қой. Былай қарасаңыз істеп жатқан жұмыс. Оған анау-мынау деп айту дұрыс емес. Екі КамАЗ сонда, екі тиегіш техника соның басында. Күн сайын таңертең 11-де сонда барамын. Басында болып, өзім тексеріп жүрмін. «Мына жері қалып қойды» деп айтып, нұсқау беремін. Басында болмасаң, жұмыс жүре ме? - дейді ауыл әкімі А.Ахметов.

Ауыл тұрғындарының шығармаған қоқыстары мен көшеде жатқан теректердің қалдықтарына қатысты қойған сұрағымызға ауыл әкімі А.Ахметов былай деп жауап берді.

- Экология айлығы жарияланған кезде 2  ай мерзім күттік. Мамандарымыз көше-көшені аралап, қоқыстарын шығару керектігін жеткізді. Мүлдем шығармағандар бар. Төтенше жағдай одан кейін карантин режиміне байланысты айыппұл сала алған жоқпыз. Қазір төтенше жағдай бітті. Енді ескертуді тыңдамағандарға айыппұл салайық десек, бірден шара қолдана алмаймыз. «ЕСОП» деген база бар. Соған тіркелу керек. Базаға тіркелу үшін өтініш беріп қойдық. Бірақ облыстан тіркелген жөнінде ақпарат келмей жатыр. Сол себепті ешқандай шара ала алмай отырмыз. Айыппұл салу үшін әлгі базаға тіркелуіміз қажет. Тек ескерту беріп жатырмыз. Халықтың өзінің санасына тікелей байланысты нәрсе ғой негізінде. Ескерту жасамай-ақ, айыппұл қашан салады деп күтпей-ақ қоқыстарын арнайы орынға шығару керек. Полигон деді, оны қоршап бердік. Енді соны дұрыс пайдаланса өздеріне жақсы емес пе? Теректер туралы сұрағыңа келсек, біздің мекемеде техника жоқ. Аудандық электр жүйесі мекемесінің қызметкерлері рақат. Кесіп-кесіп, кез келген жерге тастап кетеді. Тұрғындар да тазалықты сақтаса деймін. Көп адам «Әкімшілік бар», «ақылы қызметтің жұмысшылары бар» дейді де, өздері ештеңе істемейді.

Полигон аумағын қоршауға мамыр айында 7,5 млн. теңге ақша қаралды. 1041 метр қоршалу керек болатын, қазір 1250 метр қоршап бітірдік. Бергі жағына 1 млн. 382 мың теңге көлемінде ақша бөлініп, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Аяқталғасын полигонды жеке кәсіпкерге береміз. Алған кәсіпкер контейнерлер орнатып, халықтан қоқыс төккені үшін ақша алады. Полигон аумағының тазалығына жауапты болады. Бұл бізге де, халыққа да тиімді. Құжаттарын, тазалау жұмыстарын бітірсек конкурсқа береміз. Оған барлық кәсіпкерлер түсе алады, - дейді ауылдық округтің әкімі А.Ғайноллаұлы. Полигонның бір жүйеге түсіп, аумағы таза тұрғанын біз де қалаймыз. Ауылдық округ әкімінің айтуы бойынша С.Бабажанов көшесіне 800 метр көлемде шағын парк салыныпты. Оған 350 түп ағаш отырғызылған екен. Биыл аудан орталығын абаттандыру үшін 940 түп терек көшеттері отырғызылған. Бұл да көңіл қуантарлық іс. Ауыл тұрғындары да өздерінің аулаларына ағаш отырғызуды жақсылап қолға алса, Жаңақаламыз жайнап тұрады емес пе?

P.S: Табиғат - бұл бізді қоршаған орта. Оған нұқсан келтірмеуіміз керек. «Адамдардың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың мұны айтуға тілі жоқ». Туған жеріміздің көркеюіне, абаттануына әрқайсымыз атсалыссақ қана істің оңалатынын ұмытпайық, жерлестер. Туған ауылымыздың жарқырап, жайнап, гүлденіп, құлпырып тұруына бәріміз де жауаптымыз!

Жанайдар Болатбекұлы

 Жаңақала ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале