Жақында Тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан Қазақстанның жеке құрама атқыштар батальоны жауынгерлеріне 25 жыл толуына орай ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Ең алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды.

Шараға Ақсай қаласының әкімі Арсен Баяндықов, БҚО әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі Мақсат Мұқанов, БҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Әсембек Ахметов, Шыңғырлау шекара бөлімінің басшысы, майор Олжас Кәкім қатысты. Және де БҚО аумақтық қорғанысының 99250 әскери бөлім командирі, полковник Расул Закиров, “Застава тарландары” шекара қызметі ардагерлерінің республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша филиалының төрағасы, запастағы подполковник Арсен Тохметовтер қатысып, сөз сөйледі.
Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етіп, гүл шоқтары қойылып, 1993-2021 жылдары тәжік-ауған жерінде қаза болған батыр жауынгерлерімізді еске алуға 1 минут үнсіздік жарияланды.

Әрі қарай шара аудандық мәдениет үйінде «ЖҚАБ» Тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан Қазақстанның жеке құрама атқыштар батальоны жауынгерлеріне 25 жыл толуына арналған «Ерлікке тағызым» атты мерекелік концертпен жалғасты. Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының кіргізіліп, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскери оркестрінің орындауындағы Мемлекеттік Әнұранмен ашылды.
Ең алдымен аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Алтай Тоқжанов сөз сөйлеп, тәжік-ауған ардагерлерін мерекелерімен құттықтады.
- Ел тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі Қазақстан әскерінің тәжік-ауған шекарасындағы бітімгерлік миссиясының аяқталып, елге оралғанына 25 жыл толуын атап өту үшін жиналып отырмыз. Бұл жәй ғана уақыт бөлшегі емес, бұл ерлік пен жауапкершіліктің антқа адалдық пен отансүйгіштіктің шынайы көрінісі. Сол бір күрделі кезеңде Қазақстанның әскери қызметкерлері халықаралық міндетін абыройлы атқарып, тұрақсыз аймақта бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өз өмірлерін қатерге тігіп, ел намысын қорғады. Біз сол миссия барысында қаза тапқан боздақтарды мәңгілік тағзыммен еске аламыз. Олардың ерлігі ұрпаққа үлгі, есімі ел жадында. Ал аман оралып, бүгінгі бейбіт өмірге үлес қосып жүрген ардагерлерімізге шексіз алғысымызды білдіреміз, - деді өз сөзінде аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Алтай Серғазыұлы.

Сонымен қатар тәжік-ауған ұрысының ардагерлері Валерий Бедник, Тауфих Баширов, Ағын Сембиевтерді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің Алғысхатымен марапаттады. Және де ардагер Альберт Жандалиев, Беркін Уразбаев, Мақсот Макажановтарға аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың алғысхатын табыстады. Кейіннен Батыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Әсембек Ахметов, «Батыс» өңірлік қолбасшысының бірінші орынбасары полковник Бақыт Алазов, БҚО аумақтық қорғанысының 99250 әскери бөлім командирі, полковник Расул Закировтер сөз сөйлеп, ардагерлерді құттықтады.
ҚР ҰҚК БҚО бойынша Шекара қызметі бастығының бірінші орынбасары Ерұлан Альжанов ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары Шекара қызметі директорының өкілеттігі бойынша аудан әкімі Еркебұлан Ихсановты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін медальмен марапаттады. Сондай-ақ “Застава тарландары” шекара қызметі ардагерлерінің республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша филиалының төрағасы, запастағы подполковник Арсен Тохметов Алишер Ашурматов пен Манарбек Амиргаливтерді ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін медальмен марапаттады. Және де ардагерлер қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін Ізбасар Қуановты, “Ардагер қозғалысының үздігі” төсбелгісімен Айрат Кутлыев, Какимгали Имакаевтарды марапаттады. «Батыс-Қазбат» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, ынтымақтастық аясында белсенді жұмыс атқарғандары үшін "Батыс-Қазбат" облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлішер Ашурматов және "Батыс-Қазбат" қалалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Манарбек Әмірғалиевтің алғысхатымен және “Қазақстан патриоты” төсбелгісімен ауданымыздың бірқатар азаматтары марапатталды.

Салтанатты шара әрі қарай аудандық демалу орталығының өнерпаздарының әзірлеген мерекелік концертімен жалғасты.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы