«Күшік асырағымыз келеді» деген үйдегі балаларға әкесі жазғы демалыста ауылға жиналған сәтте тілектерін орындап, күшік әкеп берді. Әлгі күшік әдеттегі домаланған сүйкімді күшіктердей емес, ұзынтұра келген «ерекше». Әкелген сәтте «ерекше» күшікті балаларына «тазы» деп таныстырып, басқа иттерден айырмашылығын айтып жатты.
Жалпы біз аудан көлемінде, нақтылап айтсақ, қаламыздағы кейбір тұрғындардың жанынан серуенге ертіп шығып жүрген иттің небір түрін көріп жүрміз. Олардың ішінде түркімен алабайы, неміс овчаркасы, орыстың борзаясы, ағылшынның булдогы және де сәндеп киім кигізіп алған кішкентай шәуілдек иттің түрлері қаншама. Ал соңына тазы ит ілестіргендерді ше? Кезіктірдіңіз бе?..
Күнделікті кездестіре бермейтін «ерекше» күшікті көргеннен кейін біздің ауданымызда халқымыз жеті қазынаның бірі деп санайтын құмай тазыны баптап ұстап жүрген иелерін іздеп, олармен әңгімелесуді жөн көрдік.
"Мамандар шақыртып, көрме өткізсек дейміз"
Іздегенге сұраған... Оларға керегі осы екен, «қуаныштымыз, біздің осы тазы тұқымын өсіріп, асылдандырсақ па деген тілегіміз одан әрі сіздер арқылы жүзеге асып жатса жақсы болар еді»,-деп өздері сияқты тазы асыраушыларды тізбектей кетті. Сырым деп өзін таныстырған азамат Бөрлі жерінде алғаш тазы ұстап асыраушылардың бірі. Қазіргі таңда оның қолында қазақтың сегіз тазысы, төрт күшігі бар. «Есімді білгелі біздің үйде қазақы тазы болды. Бала кезде әкем тазымен аң аулайтын. Содан болар, менің де иттің осы тұқымына деген қызығушылығым ерекше болды. Бүгінде аудан аумағында көп болмағанымен мендегі тазылардың күшігін асырап, өсіріп жатқан өзім секілді жігіттер бар. Тазы – жеті қазынаның бірі. Ашаршылық заманда бір ауылды асыраған да осы текті тұқым деседі. Адамға адал, қастық қылмайды. Аш болса да сасыған тамақ пен өлексе жемейді. Аңға шыққанда алған олжасын иесі ұсынбай, жұлмалап, ауыз салмайды. Қаншама аңның қаны жұқса да үстінен жағымсыз иіс шықпайды. Айтқаныңды істейді, кейде ойыңды айтпай-ақ түсінеді. Шапшаң қимылдайды. Алғыр, өжет. Тазыны көп көзіне көрсете де бергің келмейді. Неге десеңіз,тазының бағасы қымбат болғандықтан қызығушылар көп. Ұрлап та кетіп жатады. Мысалы менің биыл екі тазым қолды болды»,- дейді Сырым Чиктаев.
Оның айтуынша, қазір бір тазының күшігі кемі 10 мың теңгеден басталып, 25-30 мың теңгеге дейін құрайды. «Мақсатым оларды сатып, пұл қылу емес, шын жанашыр боп, тазы тұқымын көбейтем дегендерге сыйға да беретін кездерім болады» деп сөзін жалғастырған Сырым аудандағы текті иттің иелерімен хабарласып, тазылардың жылда басын қосып, «жиналыс» өткізіп тұрады. «Көбісі мендегі тазылардың тұқымы болғандықтан қыр-сырын жақсы білемін деп айта аламын. Олардың ветиринарлық орталыққа тіркелулерін, уақтылы салыну керек екпелерін, жалпы өсу жағдайларын бақылап тұрамын. Жоспарымда алдағы уақыттарда арнайы кинологиялық орталыққа тіркетіп, мамандар шақыртып көрме өткізгіміз келеді. Оның өзі, әрине, үлкен қолдауды қажет етеді»,- дейді ол.
Басты мақсат - тазыны патенттеу!
«Шынымды айтсам, осы аудандағы текті итті асыраушылар туралы сұрастырып, көпшілікке таныстырып жатқан газет ұжымына алғыс зор. Ер жігіттің көркі жүйрік ат пен құмай тазы ғой. Қазақ баласы болғаннан кейін қанда бар қасиет ол ешқашан жойылмақ емес. Рас, көбіне «Бөрлі қазақы аудандар қатарынан емес, ол жақта қазақшылықтың иісі де жоқ» деп жатады. Дегенмен соңғы жылдары тазы асырап алушы өзім секілді жастар қатары көбейіп келе жатқандығына қуанамын. Демек, ауданда қазақылану бар деген сөз. Қазақы тазылар «Шашақ құлақты» және «Жарғақ құлақты» болып екіге бөлінеді десе, мендегі тазылар жарғақ құлақты тазы тұқымынан. Менің қазақы тазыны серік етуім де тектен-тек емес деп ойлаймын. Себебі әкемнің әкесі, яғни үлкен атам аңшылықпен, саятшылықпен айналысқан. Сол атамның 15 тазысы болған екен. Он бес тазының ішіндегі ерекшесі болса керек, екі тазысы үйдің ішінде өзімен бірге тұрған деседі.
Жалпы аудандағы осы іспен айналысып жүрген жігіттердің мақсаты - тазыны патенттеу. Қазақы тазы - қазақтың бренді. Егер оны әлемдік кинологиялық орталыққа тіркетіп, қазақтың тазысы екенін дәлелдемесек, ертеңгі күні өзгелер иемденіп кетеді. Соңғы жылдары осы жұмыстарға барымызша күш салып жатырмыз. Еліміздің басқа өңірлеріндегі тазылар мен де қан алмастырып «бартер» жасап тұрамыз. Телефонда көптеген ортақ чаттарда осы төңіректе әңгіме өрбітеміз. Алдағы уақытта мамыражай қалыпқа келген соң, түрлі жарыстар өтпек. Бұйырса, сол жарыстарда тазыларымызды өзге өңірдің тазыларымен бірге аңға салып, сынамақпыз»,- дейді Сәкен Буршиев есімді тазы баптаушы.
"Аудан көлемінде қолдау тапса..."
Жеті қазынада айтылатын құмай тазы, жүйрік ат, берен мылтық - ер жігіттің шынымен сәні. Ат үстінде кеудесін тіктеп отырған, айдарын жел ескен қай қазақтың баласы сәнді көрінбейді. Оның үстіне сол жүйрік атына, құмай тазыны ілестірсе тіптен сәні келеді емес пе?! Ат жалын тартып мінген шақтан бастап, жүйрік тазыны баптасам, аңға шықсам деген арманым болды. Сол арманым 2008 жылдары орындалып, қазақы тазыны асырап бастадым. Шыны керек, ол кезде ауданда көбі қазақы тазы туралы аса біле бермейтін еді. Біраз тазыларым болды. Кейін өзім секілді қызығушылығы бар іні-бауырларға сыйға бердім. Қазір қолымда «Тасқын», «Жебе» деп аталатын екі тазы бар. Жалпы тазы асырау, аңға шығу қанымызда бар қасиет қой, атқа мініп далалыққа шықсам, сергіп сала беремін. Барлық қиындықтарды ұмытып, жеңілдеп қаламын. Алда жоспарлар өте көп. Қазақы тазының патенттелуіне өз үлесімізді қосып, бастап аудан көлемінде болса да тазылар жарысын өткізгіміз келеді. Сирек те болса да күзге салым осы аумақтағы жеті қазынаны жанына серік еткендер қазақы тазының жүйріктігін, ептілігін, шапшаңдығын сынап жиналып тұрамыз»,- деген Азат Трумов алдағы уақытта осы ісіміз аудан көлемінде қолдау тапса деген өтінішін де тілге тиек етті.
Қансонардың қызығы жүйрік тазы...
Талай иттің түрін ұстадық. Бірақ тазыны ата-бабамыз бекерге қасиеттi санамаған ғой. Тазы – текті әрі өте ақылды, бәрін сезеді. Басқа иттердей жағымсыз иісі болмайды, өте таза. Тазы деген атаудың өзі «таза» деген сөзден шықса керек. Тазының қасиеті көп. Тектілігін тізе берсек сөз жетпестей. Онымен салыстырғанда кейбіреулер ауыз толтырып айтатын неміс овчаркалары «қолына су құя алмай қалады». Ол өзге иттер сияқты шәуілдеп үрмейді, салмақты келеді. Адамға, малға қауіп төндірмейді. Балаға үрмейді. Бала үстінде ойнап жүрсе де қозғалмай жата береді. Иесіне адал, бұйрығын бұлжытпай орындайды. Бүгінде «Ұшқын», «Лашын», «Арлан», «Көк қасқа арлан» деген төрт тазым бар. Кәнігі аңшы болмағаныммен аңшылыққа қызығушылығым басым болғандықтан бұл кезден де жастау кезден үлкендерден естігенім бар, әрі тазы туралы оқи бердім, тәжірибемді толықтыра түстім. Қазір қолымнан келгенше еркіндікті жақсы көретін тазыларды далаға шығарып, жүгіртіп, бойын жазып аңға салып тұрамын. Қансонардың қызығы жүйрік тазы. Қансонардан қанжығаң майланып қайтса шынымен сен де, тазыларың да «риза болып» қайтасың. Бүгінде балама да текті иттің тектілігін айтып, түсіндірген боламын. Әйтеуір қаперінде болсын деймін ғой»,- дейді тағы бір тазы баптаушы Тимур Жұмағалиев.
Тілші түйіні:
Жалпы аудандық ветеринариялық бөлімі ауданда ресми түрде тіркеліп тұрған тазылар санының нақты емес екенін айтты. «Иелері алдын ала өздері келіп тіркелетіндер санаулы. Тек ит ауырған жағыдайда ғана әкеліп, сол кезде тіркелетіндер болады» деді.
Халқымыз «Ат жақсысы - бозы, ит жақсысы - тазы» деп бекер айтпаса керек. Дәстүрлі саятшылық та үлкен өнер, мәдени мұра. Осы орайда біз де ежелден халқымызбен бірге жасасып келе жатқан сол саятшылық өнерді ұмытпай, тазы асырап, оның тұқымын асылдандыру ісін қолға алған бір топ бөрлілік азаматтарды таныстырдық. «Аудан көлемінде осы ісіміз қолдау тапса» деген өтініштерін де жеткізгендейміз.
Бүгінгі таңда аудандық спорт саласы ат спортына көп көңіл бөліп жүргендігі баршаға аян. Бәлкім, осыдан соң көңіл көтеру, бойға күш алу әрі спорт ретінде қазақ даласында тым ерте дамыған осы саятшылық өнерді де қолға алып қалар. Кейін, шынымен, осы іс қолдау тауып, Бөрлі топырағында саятшылық сауық құрып жатса нұр үстіне нұр емес пе?!
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz