Ертеде адамдар дәрілік өсімдіктерді қайнатып ішіп, ауруына шипа тапқан. Бүгінде сол дәрілік өсімдіктерді пайдаға жаратып жатқан адам аз. Қалтаңда қаражатың болса, дәрінің түр-түрін оңай табасың. Осындай қымбатшылық уақытта кез келген адамның емге шипа болар дәрілерді сатып алуға қалтасы көтере бермеуі мүмкін. Осы орайда мемлекеттен берілетін тегін дәрі-дәрмек көпшілік үшін үлкен көмек. Еліміздің әрбір азаматы тегін медициналық көмек алуға, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуге құқылы. Дегенмен тегін дәрі барлық адамға бірдей берілмейді. Оның өз тәртібі бар. Мемлекет тарапынан бөлінетін тегін дәрі-дәрмектер кімдерге беріледі? Осы сауалдың жауабын білу үшін аудандық аурухана директорының медицина жөніндегі орынбасары Көкенов Дәурен Асылбекұлына сұрақтарымызды қойдық.
- Дәурен Асылбекұлы ауданда тегін дәрі-дәрмек алатын науқастар үшін ақпарат берсеңіз?
- Аудандық ауруханадан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі дәрілік заттар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде тегін дәрі-дәрмекті диспансерлік есепте тұратын және жекелеген аурулары бар науқастар алады. Оларға жыл бойына дәрігердің тағайындауымен тегін дәрі мемлекет тарапынан беріледі.
ҚР Денсаулық сақтау министрінің 05.08.2021 № ҚР ДСМ -75 бұйрығы негізінде тегін дәрілер ҚР барлық азаматына беріледі. Бұйрықта тегін дәрілер берілетін аурулардың, сондай-ақ дәрі-дәрмектердің арнайы бекітілген тізімі бар.
- Тегін дәрі-дәрмекті қандай аурумен ауыратын науқастар ала алады? Қандай жағдайда, кімдерге беріледі?
- Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар, медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуге, оның ішінде белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық деңгейде тегін және жеңілдікпен берілетін дәрілік заттардың тізбесі бекітілген. Ол үш бөліктен тұрады. Біріншісі, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі дәрілік заттар. Екіншісі, ересектерге арналған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі дәрілік заттар. Үшіншісі, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған амбулаториялық деңгейде МӘМС шеңберіндегі дәрілік заттар мен бұйымдар. Науқастар қан айналым жүйесінің аурулары, тыныс алу жүйесінің аурулары, инфекциялық және паразитарлық аурулар, ас қорыту жүйесінің аурулары, қан аурулары, эндокриндік жүйе аурулары, сүйек-бұлшықет жүйесінің аурулары және дәнекер тіндерінің аурулары, нерв жүйесінің аурулары, психикалық аурулар, онкологиялық аурулар, паллиативтік көмек, ағзалар мен тіндерді ауыстырып салудан кейінгі жағдайлар, несеп-жыныс жүйесінің аурулары, тері мен тері асты шелмайының аурулары, қояншық ауруына шалдыққан жағдайда тегін дәрі ала алады.
Аурулардың толық тізімін жоғарыда көрсетілген бұйрық бойынша интернет желісінен көруге болады.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа ережеге сәйкес тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету түгелдей мемлекеттік дотацияға көшті. Мысалы, Қазақстан Республикасының азаматы қандай да бір ауруға шалдыққан жағдайда, бірден өзі тіркелген емханаға қаралады. Тиісті талдамалар тапсырып, диагнозы расталған соң, диспансерлік есепке тұрады. Сонан кейін емдеуші дәрігер науқасқа дәрілік рецепт жазып береді. Алайда науқасқа, жоғарыда аталғандай, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен «Тегін медициналық қызметтің кепілдендірілген көлемі» шеңберінде арнайы тізімдегі дәрі-дәрмектер ғана тегін беріледі.
Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету есепте тұратын науқастарға ай сайын дәрігерлік қабылдаудан кейін, тағайындалған ем бойынша дәрі-дәрмекке рецепт жазылып,аурухананың дәріхана бөлімінен қамтамасыз етіледі.
- Қандай жағдайда балаларға тегін дәрі беріледі?
-Бес жасқа дейінгі балаларға мынадай ауруларда тегін дәрі беріледі: жұтқыншақтың қабынуы, бронхит, тонзилит.
18 жасқа дейінгі балалардағы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін аурулар тізімі: пневмония, темір тапшылығы анемиясы.
Сонымен қатар 18 жастан асқан балаларға ТМККК шеңберінде көрсетілген аурулар бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
Бір жасқа дейінгі балалар рахит ауруын емдеуге арналған дәрілермен, сондай-ақ төмендегі жағдайларда бала өмірінің алғашқы жылдарында оларға ана сүтін алмастырғыштар беріледі:
- Қан ауруларының ауыр түрлері;
- Онкологиялық қатерлі ісік аурулары;
- Психикалық аурулар (психоздар немесе бала туғаннен кейінгі ауыр депрессия);
- Бүйрек ауруларының ауыр түрлері;
- Туа бітті жүрек аурулары;
- Анасының іріңді-септикалық ауруларымен ауыруы;
- Эндокриндік аурулардың ауыр түрлері;
- Аллергиялық ауруардың ауыр түрлері;
- Сүт азаюының бастапқы формасы;
- ВИЧ/СПИД;
- Туберкулездің ашық түрі немесе балалар асырап алғанда;
- Көпұрықтық жүктілік;
- Анасы оқу орнының күндізгі бөлімінің студенті және стационарлы бөлімде емдеуде болса, немесе балада төмендегі аурулар анықталған жағдайда, сүт жетіспеушілігі кезінде тегін ала алады.
- Тегін дәрі-дәрмек туралы толық ақпаратты қайдан табуға болады?
- Тегін дәрі-дәрмек туралы ақпаратты кез-келген интернет көздерінен жоғарыда көрсетілген бұйрық атауы мен нөмірін жазу арқылы таба аласыз.
Дәрілерді науқастар қайдан алады? Дәріханалармен келісім шартқа отырасыздар ма?
- Тегін дәрі-дәрмекті дәрігердің жазған рецептісінен кейін,белгіленген мөрлерді қойдырып,аурухананың дәріхана бөлімінен алуға болады.
Сұхбатты жүргізген Арайлым Айденова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz