Жақында Астана қаласында өткен самбодан Азия, Океания чемпионатының және дүниежүзілік жекпе-жек ойындарына атой салып, қарсылас шақ келтірмеген Темірлан Көлбай чемпион атанған болатын.
Бұл жеңіс тек бөрліліктердің ғана емес, барша облыс тұрғындарының мерейін үстем еткені рас.
«Болар елдің баласы, бірін-бірі батыр дер» деген қазақтың мақалына сай Темірланның достары осы жеңістің құрметіне қос тұлпар сыйлады.
- Темірлан бауырымыздың Азия төрінде бағындырған белестерімен шын жүректен құттықтап, болашақта әлем, олимпиада чемпионы болуына тілектеспіз. Барша бауырлары атынан «Ер қанаты ат» демекші, екі медальға екі тұлпар сыйлаймыз, - дейді достары.
Өз кезегінде Темірлан алтындай достарының барына шүкіршілік айтып, ниеттері мен құрметтеріне алғысын білдірді.
Айта кетейік, аталған чемпионатқа 30 мемлекеттен келген 600-ге жуық спортшы қатысқан болатын. Темірлан Көлбай боз кілемде қарсыласын шақ келтірмей екі салмақта яғни +88 келі (әлемдік ойындарға іріктеу) және +98 келі өз салмағында чемпион атанды.
Сөйтіп Темірлан Азияның үш дүркін чемпионы атанған еді.
Қайсарлық, жоғары спорттық шеберлік және жеңіске деген құлшыныстың үлгісін көрсеткен чемпионды аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов қабылдап, барша аудан тұрғындары атынан құттықтап, өзінің алғыс хаты мен ел ағалары, демеушілер атынан 1 000 000 теңге сыйлаған болатын.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz