«Kazteleproduct» киностудиясы шығарған Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақша бизнесі» толық метражды көркем фильм. «Қазақша бизнес» медиафраншизасының ең бірінші фильмі 2016 жылы көрермен назарына жол тартқаны есімізде. Фильм әр жылдары Америкада, Кореяда, Түркияда, былтыр Үндістанда түсірілген болатын.
Соңғы аталған «Қазақша бизнес Үндістанда» фильмінің түсірілімі мен монтажында жерлесіміз, жымпитылық Темірлан Мәулекеновтің де қолтаңбасы бар.
Темірлан бұған дейін студент кезден қызығушылықпен әуесқой видеолар түсіріп жүрген жас мобилограф болатын. Өміріндегі ең үлкен тәуекелі, жетістікке деген ұмтылысы, монтажға деген махаббаты оны жетелеп Алматыға апарды. Монтаж саласындағы алғашқы еңбек жолын Жахан Отарғалиев секілді танымал блогермен әріптес болып, «Джохан» фильмінің монтажынан бастады.
Қазіргі таңда Қазақстандық «Dream car» компаниясымен келісімшарт бойынша Дубайда YouTube жобаның түсірілімімен жүрген Темірлан замандасымызбен байланысқа шығып, бүгінгі жетістігі, монтаж саласының қызығы мен қиындығы жайында әңгіме өрбіттік.
- Видео түсіру саласында алғашқы еңбек жолыңды қалай, қандай монтаждан бастадың? Бірден фильм түсіруге кірісіп кеттің бе, әлде алғашында қысқаметражды фильмдерді монтаждадың ба?
- Алғашында видеографияға деген қызығушылық оянып, өзім үшін кішігірім, әртүрлі бағыттағы видеолар түсіріп жүрдім, кейіннен бұдан да үлкен деңгей қолымнан келеді деген сенім оянды. Ең алғаш Алматыға келгенде еңбек жолымды ұлттық дәстүрді насихаттайтын, атқа мінуге үйрететін қазақи лагерде видеограф болып бастадым. Фильм түсіруге дейін бірнеше кезеңнен өттім. Араға уақыт салып бір танымал режиссердің көзіне түсіп, жасаған жұмыстарымды ұнатты. Жахан Отарғалиевтің фильмінде монтаж жұмыстарына кірісіп, өмірімдегі үлкен жетістіктерімнің алғашқы сатысына қадам бастадым.
- Мобилограф пен монтажер немесе видеографтардың айырмасы бар ма? Болса, қандай? Оларға ортақ не бар?
- Мобилография бір сәттерді түсіріп, түрлі эффектілермен өңдеп, әлеуметтік желі беттеріне шығару болса, видеограф басы бар, аяғы бар, тойларды, қысқа метражды фильмдерді түсіретін маман. Ал монтажер аталған алдыңғы екеуін де қамтыған, толық метражды фильмдерді монтаждап, халыққа эмоция сыйлай білетін маман иесі. Оларға ортақ құндылық титтей дүниеден жарық сәуле, өзгелерге ұсына алатын ерекшелікті көре білу.
- Монтаж жасауды үйренуге арнайы оқудың немесе курстар оқудың қажеті бар ма? Кинемотография саласына қадам басқаныңды көріп жүрміз, қандай фильмдер монтаждап үлгердің, кімдермен әріптестік орнаттың?
- Видео түсіру, монтаждаудағы терминдерді білу және орнымен қолдана білу үшін базалық білім болғаны абзал. Егер қымбат курстар алуға қалтаңыз көтермесе, YouTube-тан түрлі тегін сабақтар көруге болады. Алайда қымбат курс алғаныңызбен тәжірибе жасап көре алмасаңыз, ондай білімнің құны көк тиын. Құнды дүние шығарғысы келетін адам үшін ең бастысы ісіңе деген махаббат, жауапкершілік, талмай еңбек етіп, үнемі ізденісте, жаңашылдыққа ілесіп отыру да жеткілікті.
Әріптестікке келетін болсақ, көптеген танымал жұлдыздар Жахан Отарғалиев, Нұрлан Қоянбаев, «Сабиркин» лақап атымен танылып кеткен Сабира Жарасқызы секілді бірқатар елімізге танымал көптеген актер, актрисалармен жұмыс жасап үлгердім.
- Нағыз видео маманы (видеограф, монтажер, мобилограф) қандай болу керек? Сен сияқты табысты монтажер болу үшін болашақ монтажерлар қандай қабілет пен қасиеттерді бойына сіңіру керек?
- Бастысы, түсірген, монтаждаған туындың өзіңе ұнауы шарт. Қалғаны еңбек пен тәжірибемен келеді. Ал түсірілім барысында шыдамдылық, өзіңе сенімділік және жаңашылдық керек.
- Әдетте теледидардан көретін Үндістан, көзбен көргенде қандай екен? Қандай әсермен оралдың?
- Жалпы, біздің ел мен салыстырғанда ұқсастықтары бар, адамдары қонақжай, қарапайым. Бір қызығы, Үндістанның кинемотография саласында бізбен замандас монтажерлар көп. Біздің елде бұл салаға жастар енді келіп жатырса, оларда мамандық бойынша жұмыс жасау, кәсібилік қырлары ертерек дамып кеткен. Бір әттеген-айы, байлар мен кедейлер табына бөлінетіндері қынжылтады. Қазақстанда ондай жоқ қой.
Әйтсе де, шетелдің аты шетел. Өз елімізге үлгі етіп алар тұстары да жоқ емес. Үндістан мәдениетімен, шараларды жоғары деңгейде, жауапкершілікпен өткізетін ел екендігіне көзіміз жетті. Бірақ, бәрібір туған жердің табиғаты мен мәдениетіне ештеңе жетпейді.
- Түсірілім алаңында монтаждың шебері, шынайы өмірде Темірлан қандай тұлға?
- Жымпитыдан шыққан, ауылдың қарапайым баласымын. Ананың разылығын алуға барынша еңбек етіп, үмітін ақтауға талпынып жүрген жанмын. Түсірілім алаңында өнер адамдарымен кәсіби тұрғыда жұмыстанатын монтажер, достарымның арасында да өзіндік орны бар Темірлан болғаныма қуаныштымын.
- Алдағы уақытта кинемотография саласында қандай жоспарлар бар? Темірланның тырнақалды қандай туындыларын болашақта көгілдір экраннан һәм үлкен кинотеатрларда кезек күтіп тамалашалай аламыз, құпия болмаса?
- Әзірге «Қазақша бизнес Үндістанда» фильмінің монтажын аяқтап, қалың көрерменнің жүрегінен орын алған болсақ, мамыр айында «Джохан 2» фильмі жарық көрмекші. Алдағы уақытта Алланың қалауымен берілген әрбір мүмкіндікті жібермей, қазіргіден де үлкен жобалардың бел ортасында жүруді мақсат тұттым.
- Темірлан, түсірілім жұмыстарымен жүрсең де уақыт тауып берген сұхбатыңа рақмет. Көрермендеріңе ұсынар тырнақалды туындылар көп болсын дейміз.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
Фото Темірланның мұрағатынан
zhaikpress.kz