Жаңақала ауданының кітапханасында «Дін және жастар» тақырыбында деструктивті діни ағым идеологиясына қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында студенттер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сөз барысында Орал қалалық Түлбаев Мұхаммед-Ғариф атындағы мешітінің ұстазы Әсет Раманкулов жастарға ислам діні жайында мағлұмат айтты. Сондай-ақ деструктивті діни ағымның құрығына түсіп қалмау керектігін түсіндірді.
- Шариғаттың заңы заманға байланысты өзгеріп отырады. Өкінішке орай бүгінгі күні, әсіресе жастардың арасында араб елдеріне еліктеушілік пайда болуда. Яғни қаракөз қыздарымыз толықтай қара жамылып, ұлдарымыз сақалын өсіріп, балағын тобықтан шолтитып тастайды. Бір сөзбен айтқанда ислам дінін жиіркенішті етіп көрсететіндердің де бар екені жасырын емес. Жастарымыз шетелден білім алып келіп ғұлама ғалымдардың сөзін бұрмалап, немесе ғаламтор желісінен негізсіз теріс бағыттарды оқып алып, діннен адасады. Қазақтың дәстүрлі жүйесінен безінеді. Ата-анасына қарсы шығады немесе балағат сөздер айтады. Шынайы мұсылман болу дегеніміз – дінді, салт-дәстүрді, ата-анаға деген махаббатты қатар алып жүру. Бар білім – кітапта. Жастарға көбірек кітап оқуға кеңес беремін. Білімі жеткілікті, діни сауатты адам ешқашан жат ағымның жетегінде кетпейді. Білімді адамның болашағы зор болмақ, - деді Ә.Раманкулов. Жиын соңында жастар өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Райхан Хамзина,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz