Бөкей ордасы ауданына облыс орталығынан дін істері басқармасының теолог мамандары келді.
- Қазіргі таңда әлемдегі өзекті мәселенің бірі де, бірегейі дін екені аян. Қате түсініктердің салдарынан бүтіндей бір мемлекеттерде бүлік шығып, халық екіге бөлінуде. Сол себептен де дін мәселесі көптеген елдің күн тәртібінен түспейтін мәселе. Осы орайда, теріс діни ағымның арбауына түспеу үшін, діни сауаттылығымызды арттыру мақсатында бүгін ауданымызға арнайы облыс орталығынан дін істері басқармасының теолог мамандары келіп отыр, - деп аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аслан Бижанов жиынды бастап берді.
Өз кезегінде «Ақиқат» қоғамдық бірлестігінің теолог маманы Тоқтар Пендебаев еліміздегі теріс діни ағымдарымен таныстырып өтті.
- Қазіргі таңда елімізде теріс діни ағымдар жеткілікті. Солардың ішінде «Саляфи-сурури», «Мадхалид» және «Тақфирит» сияқты үш негізгі ағымға тоқталып кетсем. Төтенше жағдайда қауіптілік деңгейіне қарай аумақтарды қызыл, сары және жасыл деп үш топқа бөлетініміз сияқты діни ағымдар да түрлі түспен белгіленеді. Мысалы, «Саляфи-сурури» ағымы жасыл түске жатады. Қазіргі таңда аталмыш ағымға жататын адам саны ең көп болып саналса да, қоғамға тигізер әсері белсенді деп айтуға болмайды. Аталмыш ағым еліміздің тарихы мен басшылыққа, атқарушы органдарға деген араздығын білдірмесе де кей кезде оппозициялық істері байқалады.
Ал «Мадхалид» ағымы сары түске жатады. Бұл ағым керісінше, басшылық және атқарушы органдарға деген наразылықтарын білдіретін ағымға жатады. Кей кезде салт- дәстүрді мойындамайтын кездері де байқалады.
Енді «Тақфирит» ағымына қызыл түс берілген. Қазіргі таңда теріс діни ағымдарының ішінде ең белсенділерінің бірі десек болар. Бұл ағым не атқарушы органдарды, не еліміздің тарихы мен салт-дәстүрін мойындамайды.
Сонымен қатар, осыдан он жыл бұрын теріс діни ағымындағы азаматты тану оңай болса, қазіргі таңда ажырату қиынға түседі. Жоғарда көрсетілген ағым уәкілдері көпшілікпен қатар бір мешітке барып, сақалсыз жүрулері әбден мүмкін.
Егерде ауданыңызда күмән тудыратын азаматтар байқалса, теолог маманына немесе мешіт имамына хабарлауыңыз сұралады, - деді «Ақиқат» ҚБ-нің теолог маманы Тоқтар Пендебаев.
Теріс діни ағым мәселесімен қатар миссионерлік және діни кітаптар, ақпарат тарату жауапкершіліктері туралы да айтылды. Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Міржақып Алиасқар:
- Қазіргі таңда «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңнама қабылданған болатын. Аталмыш заңнамада миссионерлік және діни кітаптар, ақпарат тарату туралы айтылған. Мысалы, миссонерлік жұмыстар арнайы бөлінген орындарда атқарылуы тиіс. Кез келген жерде дінге шақырып немесе уағыз айтуға тыйым салынған. Сонымен қатар аталмыш жұмыстарды кім атқарып жатырғанын да ескергеніміз жөн. Арнайы білімсіз миссионерлік жұмыстарын атқаруға болмайды. Дінге қатысты әдебиетті тек арнайы сертификаты бар орын сата алады. Бұл жерге ақпарат тарату да кіреді. Мысалы, облысымыздың бір аудандарында жағдай болды. Жұма күні WhatsApp жүйесі арқалы «Жұма мүбәрәк болсын» деген сурет таратылған. Ал еш күдіктенбеген жұртшылық оны бір- біріне жіберген. Енді сол суретті дұрыстап қарасаң, астында уақ шрифтпен Сирияға соғысқа шақырып жатыр екен. Аталмыш суретті бастапқы болып таратқан азамат табылып, жауапкершілікке тартылды, - деп көпшілік ескере бермейтін жайттармен таныстырды.
Теологтар аудан орталығының мешітінде жамағатпен кездессе, М.Мәметова және М-С. Бабажанов атындағы ЖОББ мектептерде, аудандық ауруханада да кездесу ұйымдастырып, көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.
Еркебұлан Бисенғалиев,
Бөкей ордасы ауданы,
zhaikpress.kz