16.06.2020, 15:09
Оқылды: 31

Терегі «иілген», арамшөбі үйілген

 Теректі аудандық газеті бетінде «Федоров ауылы – аудан айнасы. Айнадай жарқырап тұруы  тиіс» дегенді үнемі айтып келеміз. Себебі Федоров – Теректі ауданының орталығы. Ал орталыққа ауатын назар бөлек. Ауданға келген құрметті қонақтарды Федоровқа қарай бағыттап, «бізде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтанамыз келіп.

Aramshop (3)

Дейтұрғанмен, орталықтың сыйқы көңіл көншітпейді. Неге өзге ауылдарды мысалға келтірмейміз һәм сын садағына алмаймыз? Орталықта олқы кеткен тұстар көп болса, өзгелерден не күте аламыз?

Аудандық газет бетінде «Ойраны шыққан орталық», «Сұрқы кеткен саябақ» секілді мақалалардың бір тобы жарық көрді. Бірақ шырылдаған журналистерді тыңдар құлақ жоқ.

Қазір аудан орталығы құдды ну орман секілді. Жаяу жүргіншілер жолын бойлай өскен арамшөптің сенделген сиырдан басқа ешкімге керегі жоқ. Ал «иілген» теректер адамның жүріп-тұруына кедергі. Округ әкімдігі халыққа аулаларыңды таза ұстаңыздар деп үндеу таратады. Бірақ көше босып жүрген мал және қоқыс жағалаған бұралқылармен «әсем».

Aramshop (4)

Түсінбейтініміз, әр көшені күтіп-баптай алмайтын әкімдік халықтан не талап етіп отыр?! Шөпті шабатын құрылғы дегенің бар. Қолмен шөп жұлатын заман келмеске кетті. Терек біткенді баптауға да қыруар қаржы, яки қол жетпес технология дегеннің қажеті жоқ. Тым болмағанда орталықтың бас көшелерін әрлеп, сәндеп қоюға қандай білім-білік керек?!

Округ әкімдігін сөзге тартсақ болды, бәріне халық кінәлі. Сонда көшені бойлай өскен арамшөп пен көріксіз тал үшін де халық жауап беруі тиіс пе? Жергілікті әкімдік халықтан талап етпес бұрын өздері жүйелі жұмыс жасауы тиіс. Округ әкімдігі мен орталықтың тұрғындарының арасында байланыс жоқ. Оның дәлелі – Федоров ауылының бүгінгі келбеті.

Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале