Бүгін Теректі ауданы әкімінің бұйрығымен, мемлекеттік қызметкерлердің меритократиялық қағидаттарына сәйкес «Теректі ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесіне жаңа басшы тағайындалды.
Бөлімнің жаңа басшысы Қайыржан Есетов – қос жоғары білімді, тәжірибелі азамат.
Ол Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «машина жасау», Еуразия академиясында «мемлекеттік және жергілікті басқару» факультеттерін тәмамдап, диплом алған маман.
Еңбек жолын 2008 жылы Орал қаласында, «Ақ Жайық А» ЖШС газ және электр 3-дәрежелі дәнекерлеушісі болып, жұмысшы сатысынан бастаған Қайыржан Төлегенұлы Орал қаласында, Казталов ауданында шаруашылық саласында басшылық қызметтер атқарды.
2021 жылы Қ.Есетов Батыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасы тұрғын үй құрылысының мониторингі бөлімі бас маманының міндетін атқарушы санатына мемлекеттік қызметке келді. Сол жылы ол бөлімнің бас маманы қызметіне бекітілді.
2008 жылдың сәуірінде Теректі ауданына қызметке ауысты. Теректі ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы болып жұмыс жасады. Яғни, ауданның коммуналдық шаруашылығы, тұрғын үй, жол-көлік мәселелерімен іштей таныс.
Қ.Есетов Теректі ауданына келгенге дейін Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты құрылыс және инфрақұрылымдық даму бөлімінің бас маманы болып қызмет жасады.
Бөлім басшысын ұжымға Теректі ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаев таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Камелия Өтеу
Теректі ауданы