Естеріңізде ме? Бұрын ата-әжелеріміз біз ұйқыға кеткенше батырлар жырын айтатын еді. Тыңдап өскен ұрпақ қатарында болғандар түсінеді. Сол жырларды тыңдап өскен балалар бүгінде ауызы дуалы, асқақ рухты, елге қызмет етуге дайын тұлғаға айналғанын өмір көрсетіп отыр. Ал соңғы уақытта батырлар жырын сөреге салып қойдық. Қысқасы шаң басып тұр.
Хош... Айтарымыз бұл емес. Бірақ жұртшылық одан да ұзақ, тыңдаған сайын жүйке жұқаратын жол жырымен әлек. Тіпті ауылдағы ағайын адамның өмірінде бір рет болатын той-қуанышқа, жақындарға көңіл айта баратын садақа қаделеріне осы жол азабының кесірінен бара алмайды. Бақылауда ұстап отырған халық қалаулылары тура бір ай бұрын ойдым-ойдым «Теректі-Ақсай» жолының сиқын көріп, жаға ұстап қайтты. Теректіден шыға беріп, Богданов ауылына аялдап, Приречныйға жете бергендегі тұсқа тоқтап, жағдайды өз көздерімен көрді.
Ғажап, сапалы деп ел игіліне берілген жол көп ұзамай осындай күйге түсті. Приречный ауылының тұрғындары Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тапсырыс беру арқылы жол құрылысының жұмысын жүргізген «Айдана» ЖШС-не риза болмай, әр жерден ойылған жолды жамап беруді талап етті.
Дегенмен аталмыш компанияның директоры Аветик Амирханян міз бағар емес. Бақандай 828 миллион теңге жұмсалған 15 шақырым жолға кепілдік мерзімі биыл аяқталады. Алты айдан кейін «Айдана» Заң жүзінде жауап бермейді. Аудандық мәслихат төрағасы, «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссияның төрағасы Әлжан Нұрғалиев пен партияның аудандық филиалы атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев директорға айтамыз, бүгінгі таңда ұлы Армен Амирханян басқаратын компания жолды қайта қалыпқа келтіріп, кем-кетікті түзеуі үшін барымызды саламыз деген еді.
Нәтиже қандай десеңіздер, жолды күтіп ұстауға жауапты «Орал Жолдары» жолды жамауға кірісіпті. Міндетіне жамау, жол салу кірмейтін оларға бұйрық келді ме, қарап отыра алмай, өз еріктерімен келісті ме? Ол жағы – қараңғы. Әйтеуір «Айдана» ЖШС қалай болса, солай жасап кеткен жол соларға қалды. Қазір қызу жұмысқа кірісіп, шұрқ-тесікті жамап, лекерге келтіріп жатыр.
Ал елді бос уәдемен сендіріп, құр қиялмен көндіріп кеткен «Айдана» қайда? Ай қарап жүр ме?
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы