Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов аудандағы дәріханаларды аралап, меңгерушілерімен тілдесті.
Федоров ауылындағы «Талап» дәріханасындағы фармацевт мамандар дене қызуын түсіруге арналған препараттар мен антибиотиктерге деген сұраныс көп екенін жасырмады. Қазіргі таңда тапшы болып тұрған парацетамол мен аспирин (ацетилсалицил қышқылы) аптасына бір рет әкелінеді. Алайда тұтынушылар жеткізілген дәрі-дәрмектерді бір күнге жеткізбей талап әкетуде. Осы орайда аудан басшысы аталмыш дәріхана иесіне қоңырау шалып, дәрілерді аптасына ең болмағанда екі рет жеткізу бойынша өтініш тастады.
Ал аудан орталығындағы жеке дәріханада әзірге науқастарды қуантарлық жаңалық жоқ. Бұл жердегілер фармацевтика саласының көтерме сауда нарығында қажетті тауарды табу қиындығынан дәрі сату кідіріп тұрғанын жасырмады. Қажетті дәрі табыла қалғанның өзінде санаулы мөлшерде тапсырыс қабылдайтындықтан, әкелген бойда өтіп кетеді екен.
Подстепный ауылындағы жеке кәсіпкер Майра Мұқанғалиеваға тиесілі дәріханалар желісінде көптеген дәрі түрлері еркін сатылымда. Парацетамол, аспирин, цефозалин сынды қазіргі таңдағы қат дәрілер де бар. Дейтұрғанмен, алғашқы екеуі әр адамға екі данадан артық сатылмайды екен. Майра Ақтанқызының тікелей тапсырыс беріп отырған компаниялары да көптеген жылдар серіктес болған сенімді кәсіпкерлері көрінеді. Әсіресе ақылы түрде орнатылатын «Фарм навигатор» бағдарламасы тиісті дәріні іздеу жұмыстарын айтарлықтай жеңілдетеді екен. Дәріхана иесі кей дәрілерді өз бағасына сатып жатқанын айтып өтті. Елдегі ахуалға байланысты антибиотиктерді арнайы рецептпен сатуға мәжбүр.
Аудан басшысы кәсіпкерлердің өтініштерін тыңдап, елдің дүрлігуіне жол бермей, сын сағатта ұлт саулығы үшін бірлесе жұмыстануға шақырды.
Әділет Әлібекұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz