Бүгін Теректі ауданы әкімі Арман Кәрімұлы дарынды оқушылармен кездесті.
Пәндік олимпиада, өнер сайысы, әскери-спорттық жарыстар, ғылыми жобалардан жүлде иеленген 13 оқушы аудан әкімімен бетпе-бет жүздесті.
Кездесу кезінде әр оқушы өз жетістік-жеңістері жайлы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Республикалық олимпиада, түрлі жарыстардағы қиындықтар мен қызықты оқиғаларды айтып, еркін пікір алмасқан жасөспірімдер өз өнерлерін де көрсетті.
Аңқаты орта мектебінің оқушысы, аудандық, облыстық пәндік олимпиадалардың жүлдегері, облыстық Абай оқулары «Абай шәкірттерінің шығармалары» номинациясының І орын иегері Қарақат Себепова, Шаған орта мектебінің оқушысы, облыстық «Өнер-білім бар жұрттар» көркемсөз байқауында І орын, облыстық Ақұштап оқуларында ІІ орын иеленген Аида Қайыржановалар мәнерлеп өлең оқыды.
Теректінің үздік ұландарымен басқосу қорытындысында «Ел болашағы - жастардың қолында» деген Арман Кәрімұлы оларға сәттілік тіледі. Әр оқушыға аудан әкімі атынан алғысхат және естелік сыйлықтар табыс етілді.
Дана Рахымғалиқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz