27.06.2024, 20:00
Оқылды: 180

Теректі ауданы әкімі «Теректі жаңалығы» ұжымын құттықтады

Маусым айының 28 жұлдызы — бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі. Жыл сайын осы күні Теректі ауданының тілшілерін жергілікті атқарушы билік құттықтап, редакцияға ақ тілегін арнап келушілер көбейеді.

IMG-20240627-WA0096

Қаламдары қарымды, жазғандары мардымды, тілдері жетік, аяғын үзеңгіге салып, арғымақты жалынан ұстап, өмір жолындағы өз соқпағын таңдауға тәуекел еткен төртінші билік өкілдерінің қызметтері ұшан-теңіз екенін айтпаса да түсінікті.

Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» қоғамдық-саяси газетінің ұжымын төл мерекелерімен құттықтады.

IMG-20240627-WA0074

– Ақпараттар секунд санап алмасып жатқан, цифрлы технологиялар заманында журналистерге жүктелген міндет жеңіл емес. Әлемдегі ақпарат майданы дендеп тұрған тұста бесаспап журналистердің кәсіби шеберлігі елдің ішкі, сыртқы саяси ахуалының тұрақтылығының кепілі. Ауданымыздың айнасы «Теректі жаңалығы - Теректинская новь» басылымы халық пен атқарушы орган арасында алтын көпір орната білді. Қоғамдық-саяси газет ретінде бұқараның базынасын билік өкілдеріне жеткізіп, мемлекет саясатын насихаттаудағы еңбегі орасан зор.

Сіздердің қырағы тілші, қарымды қаламгер ретінде өңір журналистикасындағы орныңыз ерекше. Ауданымыздың қоғамдық өмірі мен әлеуметтік ахуалынан хабардар етіп, ел алғысына бөлендіңіздер. Бүгінгі төл мерекелеріңізде дендеріңізге саулық, жанұяларыңызға амандық тілеймін. Қаламдарыңыз мұқалмай, жақсы жаңалықтардың жаршысы болып жүре беріңіздер, – деген Әлия Биғазықызы алғысхат және жаңа үлгідегі кофе қайнатқыш пен термошәйнек ұсынды.

Газеттің директор-редакторы Әділет Орынбасаров өз кезегінде журналистерге назар аударып, әрдайым қолдап отыратын аудан басшысына алғыс білдірді.

Редакцияның әр мүшесі кәсіби мерекемен құттықтаған аудан әкімдігінің қызметкерлеріне ризашылықтарын білдіріп тарқасты.

Айшабибі Мәмет,

Теректі ауданы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале