Мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан Теректі ауданы әкімінің кубогіне арналған облыстық турнир өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Аталған жарыс спорттық шеберлік пен ұйымшылдықты ғана емес, мемлекеттік қызметкерлер арасындағы ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты нығайтқан маңызды спорттық шаралардың бірі болды. Турнирге Батыс Қазақстан облысы мен Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Жаңақала, Шыңғырлау, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Жәнібек, Теректі аудандарының командалары қатысып, жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетті. Әр кездесу тартысқа толы өтіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Салтанатты ашылу – спорт мерекесінің бастауы
Волейбол додасының ашылу салтанаты Шаған ауылдық округіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтті. Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, облыстық волейбол федерациясының президенті Тілепберген Каюпов, Теректі ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова, өзге де аудан әкімдері мен әкім орынбасарлары, спорт ардагерлері және жанкүйерлер қатысты. Шара барысында Приречное ауылының тумасы, Теректі ауданының құрметті азаматы, жерлесіміз Марат Сарбупеев пен Подстепное мәдениет үйінің «Ақсұңқар» вокалды балалар ансамблінің орындауында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқалып, қатысушылар ел рәміздеріне құрмет көрсетті. Төрешілер алқасы таныстырылып, спортшыларға әділ ойын мен сәттілік тіленді. Сонымен қатар мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, жарыстың мерекелік мәнін арттыра түсті. Аталған турнирдің негізгі мақсаты – Батыс Қазақстан облысында волейбол спортын дамыту, бұқаралық спортты кеңінен насихаттау, мемлекеттік қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және әріптестік байланысты нығайту. Бұл мақсаттар жарыс барысында толықтай жүзеге асып, командалар өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Тартысты ойындар қорытындысы бойынша жекелеген аталымдармен «Үздік ойыншы» жәнібектік Тимур Шерниязов, «Үздік қорғаушы» шыңғырлаулық Асемгүл Шурманова, «Үздік шабуылшы» Батыс Қазақстан облысы әкімдігі командасының ойыншысы Асланбек Бауен, «Үздік байланыстырушы» – ақжайықтық Руслан Биманов, «Турнир ардагері» – Жәнібек ауданы әкімдігі командасының ойыншысы А. Қаратаев марапатталды. Сондай-ақ І орын – Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің командасы жеңіп алса, ІІ орынды Ақжайық ауданы әкімдігінің командасы және ІІІ орын – Жәнібек ауданының командасына бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, статуэткалармен, медальдармен, арнайы дипломдар мен сертификаттармен марапатталды.

Теректі ауданында өткен бұл турнир мемлекеттік қызметкерлер арасындағы спорттық бәсекені жаңа деңгейге көтеріп, волейболдың бұқаралық спорт түрі ретіндегі маңызын айқындай түсті. Осындай ауқымды жарыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдегі спорттың дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Майра Нұрымжанқызы
Теректі спорт клубының әдіскері