Теректі ауданының Ақсуат ауылы әкімін сайлау науқаны ажырамас бірлік пен татулықтың келбетін көрсетуде. Өйткені №352 сайлау учаскесіне отбасымен келгендер көп.
Раис Аяғанов пен Салтанат Аяғанова, Өскелең Ахмадиев пен Гүлбану Ахмадиева, Ғұбайдолла Күзенбаев пен Күнсұлу Күзенбаева ауыл болашағын бүгінгі сайлаумен байланыстырады.
– Аяғановтар дауыс беруде аянып қалған емес. Кезектен тыс әкім сайлауына әйеліммен келдім. Біз үшін ауылдың ертеңі, жақсы, білікті әкім басқаруы маңызды,- деді немересімен келген Аяғановтар әулеті.
70 жастағы қария дауыс берді
Ақсуат ауылының 70 жастағы қариясы Кәдірше Айталиев Ақсуат ауылының әкімін сайлауға келіп, өз дауысын берді.
Жас ұрпаққа үлгі болған жан әкім сайлауына салғырт қарамайды. Ауылдың мәселелерін шешіп, халықпен тығыз байланыста болатын әкімнің басқарғанын қалайды.
– Мемлекет басшысының ауыл әкімін халық сайлайды деп, шешім қабылдағының өте дұрыс деп есептеймін. Елдің дауысы әрқашан маңызды,- деді Кәдірше Есенғалиұлы.
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы