Қазақ халқының ежелден келе жатқан мейрамы Наурыз – көктем мезгілінің жетіп, күн мен түннің теңеліп, табиғат-ананың оянатын уақытымен тұспа-тұс келеді. Наурыз парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» дегенді білдіреді. Қазақтар бұл күнді Ұлыстың ұлы күні деп те атайды.
Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылы Әз-Наурыз мерекесін кеңінен тойлап өтті. Орталық алаңға киіз үйлер тігіліп, ауыл халқы ауқымды мерекелік дастархан жайды.
Сонымен қатар ұлттық тағамдардың сан алуан түрі ұсынылды. Мерекелік шара мәдениет үйінің қызметкерлері дайындаған әдемі көрініспен басталды.
Кейін мерекелік әндер шырқалып, халық назарына ұсынылды.
Ұлыстың Ұлы күні мерекесіне арнайы Теректі ауданының әкімі Әлия Муханбетжанова, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Л.Сердалиева, ішкі саясат бөлімінің басшысы Жандос Сұңғатов, «Теректі» спорт клубы басшысының м.а. Қ.Ермуканов пен Ақжайық ауылдық округі әкімі Болат Қадыралиев қатысты.
Аудан әкімі Әлия Биғазықызы құттықтау сөзін сөйлеп, округ тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.
Сонымен қатар орталық алаңда Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.
Атап айтсақ, арқан тартыс, қол күресі, гір тасын көтеру, қой көтеру секілді сайыстар тартысты өтті.
Сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы сыйлықтар және дипломдармен марапатталды.
Мереке осымен аяқтала қойған жоқ. Ипподром алаңында жылқы сүйер қауымға, ауыл халқы азаматтарына тай жарысы, жаппай көкпар секілді ат спорты түрлерінен жарыс ұйымдастырылды.
Ауылдың спорт жанашырларының қолдауымен ұйымдастырылған шараға көршілес жатқан ауылдар, Орал қаласынан, сонау Индер, Тайпақ елді мекендерінен шабандоздар мен палуандар келіп қатысты. Бірнеше сағатқа созылған дода ауыл халқына, спорт сүйер қауымға керемет көңіл күй сыйлады.
Жарыс жеңімпаздары да марапатталып, сый-сияпаттарға ие болды. Сонан соң ауыл ақсақалдары шабандоздарға ақ батасын беріп, шығарып салды.
Дамир Мурадимов
Теректі ауданы