12.06.2023, 11:15
Оқылды: 27

Теректі ауданы: аяқталмаған құрылыстардың әлегі көп

Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев ауданға іс-сапарымен келді.

Сапар басын Ақжайық ауылдық округінде бастаған өңір басшысы негізінен созылмалы «науқасқа» шалдығып, басы бар да, аяғын таба алмай жүрген құрылыстар да болды.

IMG-20230612-WA0018

 «Мердігерді сотқа беруді тапсырамын»

Облыс әкімі сапар басын Ақжайық ауылдық округіндегі Талпын ауылынан бастады. 103 аула, 329 тұрғыны бар Талпын ауылына былтыр таза су құбырын салу басталғанда халық қуанып еді. Дегенмен, сегіз айда аяқталуы тиіс құрылыс қазір тоқтап тұр. Жобалық құны - 279, 6 млн  теңге тұратын құбырды тартуды былтыр бастаған мердігер «КазЕвроСтрой» жұмыстың небәрі 38 пайызын ғана жасаған. Құжат бойынша құбыр ақпан айында пайдалануға берілуі тиіс болатын.

Құрылыс алаңында облыс басшысына осы жайды аудан әкімі Әлия  Мұханбетжанова баяндады.

- Халық күтіп отырған нысанды аяқтау керек. Уақыт өтіп жатыр. Әлі ешқандай қозғалыс жоқ. Тапсырылған істі орындаймыз деп алғаннан кейін уақытында жасау керек. Былтырдан  бері  жылт жоқ. Сондықтан мердігерді сотқа беруді тапсырамын, - деп қатаң ескертті Нариман Төреғалиев.

Ұзынкөлдің «ұзақ» жолы

Былтыр басталып, әлі аяғына жете алмай келе жатқан құрылыстың бірі – Ұзынкөл ауылына кірер жол.

Басындағы есеп бойынша 5 шақырымнан сәл асатын жолды күрделі жөндеуді 2022 жылдың сәуірінде бастап, қарашада аяқтау жобаланған болатын.

IMG-20230612-WA0017

- Құрылыс материалдарының жетіспеушілігіне байланысты 2022 жылы бұл жоба «өтпелі» болып бекітілді.  Құрылыстың аяқталу мерзімі 2023 жылдың тамыз айы деп күтілуде, - деген аудан басшысы Әлия Мұханбетжанова жасалған жұмысты көрсетті.Қазір жол үстіне қиыршық құм, шақпақтас төселген. Ұсақ асфальт та төгіліп жатыр. Құны 673,8 мың теңге болатын құрылысты жүргізіп жатқан мердігер - «ДСК Приоритет» ЖШС осы қарқыннан таймаса, айтылған межеден шығуға мүмкіндік бар.

Жарық қайда? Су қайда?

Осыдан төрт жыл бұрын, 2019 жылы Жаңа өмір ауылында тұрғын үй салуға жер кезегінде тұрғандар «алақайлады»...

Қуанбағанда ше... Ауыл шетінен 780 жер телімі берілді. Тездетіп үй салып, қоныс той жасаймыз деген жоспар әлі орындалған жоқ. Оған себеп – телімдерге тартылған электр қуатын жеткізу желісі қолды болды. Оған қоса, былтыр жазда мердігер «ҚазЕвроСтрой» ЖШС  бастаған су құбырын тарту жыл басында аяқталады деп жоспарланған екен. Қазір жылдың бел ортасына кірсек те, құбыр құрылысы аяқталған жоқ. Қазіргі жағдайы – жұмыстың 60 пайызы орындалған.   Жалпы құны - 380,7 млн.теңге тұратын құрылысты жауапкершілігіне алған  «ҚазЕвроСтрой» ЖШС өкілі  облыс әкіміне «бәрі қаржыға тіреліп тұр» деген уәж айтады.

Сол іргетас әлі тас

2020 жылы мердігер «ДК Домостроитель» Жаңа өмір ауылының ортасында айналдыра жер қазып, іргетас салды. Төрт мыңға тарта халқы бар, бірақ мәдениет ошағы жоқ ауылдың халқы «бұл жерге мәдениет үйі салынады» дегенде қуанғаны-ай.

Содан бері үшінші жылға кеткен құрылыстың орнына қарап, әлі күтеді.

Облыс басшысы Нариман Төреғалиев те «баяғы жартас, сол жартас» болып жатқан құрылыс басын қарады.

Бүгінде шөп пен топырақ баса бастаған іргетас басында облыс әкіміне жолыққан аудандық мәслихаттың депутаты  Юлия Шыныбекова:

-Ауылда мектеп жасындағы балалар саны қалың. Оларға ән-күй, би, саз аспаптарында ойнауға үйрету секілді үйірмелер қажет.  Біздің балалар сондай үйірмелерге  қатысу үшін көрші Подстепный ауылына немесе қалаға қатынауға мәжбүр. Жастарға да бос уақытын мәдениетті өткізетін орын жоқ. Егер өзімізде мәдениет үйі болса, өнерлі жастарымыз көбейері анық, - деген базынасын жеткізді.

Мәдениет үйінің салынуына аудан басшылығы мүдделі. Дегенмен жұмыстың 5,8 пайызын ғана орындаған мердігер құрылысты тоқтатып тастады да, шарт біржақты тәртіппен бұзылды. Соңынан, 2021 жылы  осы нысанға мердігер таңдауға  төрт рет конкурс  жарияланса да, құрылысқа қызығушылық танытқандар болмай тұр.

Қазір құрылыстың қаржылық есептері түзетілді. Соған сәйкес, мәдениет үйінің  алдын ала құны - 737 млн.теңге. Жағдайға қаныққан облыс әкімі бұл құрылысты қайта қарастыруға қолдау беретінін айтты.

24 пәтер дайын

Жаңа өмір ауылындағы үш қабатты тұрғын үйдің пайдалануға берілуін кезекте тұрғандар тағатсыз тосып жүр. 2021 жылдың мамырында басталып, 2022 жылдың ақпанына аяқталады деп жобаланған көп пәтерлік үй әлі тапсырылмай жатыр. Жобалық құны 260,1 млн. теңге, көлемі 14476, 29 шаршы метрлік тұрғын үйде 24 пәтер бар. Мердігер «Эврика» ЖШС мерзімі созылып, 9 айдың орнына 24 ай бойы салынған үйдің құрылысын аяқтады. Қазір үй маңайын абаттандыру, құрылыс заттары қалдықтарынан тазарту сияқты жұмыс жасалып жатыр. Үйдің іші-сыртын қарап шыққан Нариман Төреғалиев мердігерге кәріз құбырына, аула абаттандыруға байланысты ескертулер жасады.

Су күтеді Барбастау

Облыс әкімінің іс сапарының соңғы нүктесі Барбастау ауылы болды. Бұл ауылда мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша құны 336,9 млн.теңге тұратын ауыз су құбыры желісі салынып жатыр.

Жобалық есеп бойынша 2022 жылдың шілдесінде басталған жұмыс сегіз айдан кейін, яғни 2023 жылдың ақпанында аяқталуы көзделген екен. Бірақ ауыз су 12 айда да келе қоймайтын сияқты...

IMG-20230612-WA0016

Мердігер «АрАй-НС» ЖШС су қорына арналған резервуарларға қазаншұңқыр әзірлеп, сору құрылғысын орналастыруға іргетас қалаған. Оны айналдыра қоршау салған.

«Ауыл ішінде су құбыры желісін тарту, құдықтар қазу жұмыстары 80 пайызға орындалды», - дейді мердігер.

Әзірге үш жүзден астам тұрғыны бар Барбастау таза судың келуін күтіп отыр. Құрылыс жағдайы туралы аудан әкімі берген мәліметті тыңдаған Нариман Төреғалиев «АрАй-НС» ЖШС өкілдеріне құрылыстың техникалық талаптарға сай болуын және сапалы аяқталуын тапсырды.

 

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале