Жұма күні еліміздің барлық мектептерінде биылғы оқу жылының соңғы қоңырауы соғылады. Алтын ұя мектебін, білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздарын қимай жүрген түлектердің хал-жағдайы бізге етене таныс. Биыл Теректі ауданында 295 түлек жаңа өмірге қадам басады екен. Бәрі оңымен болса, 17 шәкірт «Алтын белгі» иегері атанбақ.
Атап айтсақ, Федоровка жалпы орта білім беретін мектебі, Аңқаты, Подстепный №1, Госплемстанция, Абай және Хамза Есенжанов атындағы жалпы орта білім беретін мектептерінің түлектері. Он бір жыл бойы қатарының алды болып, білімге құштарлығын көрсеткен шәкірттер ұстаздарының сенімін ақтайды деп сенеміз. Барша түлектерге сәттілік тілейміз! Ақ жол, сәт сапар, жас түлек! 2023-2024 оқу жылында Аңқаты жалпы орта білім беретін мектебін аяқтағалы отырған 14 түлек ең үздік көрсеткіш көрсетіп отыр. Бір мектептен бес оқушы - «Алтын белгіге» үміткер. Бір қызығы былтырғы оқу жылында да бұл мектептен 5 «Алтын белгі» иегері шыққан болатын. Аңқатылық түлектер жылдағы межеден түспей, алдыңғы қатарлы нәтиже көрсетіп отыр.
Білім ордасының директоры Қарлығаш Тасановамен тілдескенімізде, оқушылардың дайындығы жақсы деген хабар алдық. Аңқаты ауылын тасқын су басқан кезде мектеп бітіруші үш түлектің үйі суға кеткен көрінеді. Оларға мектеп әкімшілігі кітап пен оқу-құрал жағынан көмек көрсетіпті.
Түлектердің сынып жетекшісі, химия пәнінің мұғалімі Азамат Мерзуан білім додасы - ұлттық бірыңғай тестілеуге сүйікті шәкірттерінің өте жоғары деңгейде дайындалып жатқанын жеткізді.
- 2021 жылы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін бітіре сала өзім түлеп ұшқан мектебіме мұғалім болып орналастым. Осы жылғы түлектер - алғашқы сыныбым. Оқушыларыммен бірге қобалжып, тілеулерін тілеп жүрмін. Сыныбымдағы Дильназ Ахатова, Әбілмансұр Қонасов, Нұрайна Ғұбайдуллаева, Әйгерім Сағидолла және Бақберген Ахметов сынды оқушыларым «Алтын белгіге» үміткер. Шәкірттеріміз аудандық, облыстық, республикалық пәндік олимпиадалар мен сайыстардың, регаталардың жүлдегерлері. ҰБТ сынақтарында жоғары балл жинап, жақсы нәтижелерімен көрінуде. Алдағы сыннан мүдірмей өтеді деп сенемін. Болашақтарынан зор үміт күтемін. Сынып жетекшісі ретінде мен ғана емес, мектебіміздің педагогикалық ұжымы түгел сәттілк тілейді. Оқушыларымыздың жетістігі ауылымыздың мақтанышы, мектебіміздің мәртебесі болмақ, - дейді Азамат Болатұлы.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы