7.06.2017, 18:11
Оқылды: 45

Теректі ауданы бойынша жыл басынан бері 2164 га жер қайтарылды

Теректі ауданында қоғамдық кеңестің VII отырысы өтті.


Жерлерді мақсатты пайдалану бойынша аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Т.Нұрғалиев жасаған баяндама жасады. Аудан аумағы 796757 га-ны құрайды десек, оның ішінде 454122 га - ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Ауданда 303 шаруа және фермерлік қожалық, 26 мемлекеттік емес және 3 мемлекеттік ұйым жер «қызығын» көріп отыр. Ірі-ірі қожалықтардың кесірінен қарапайым халық үшін  жайылымдық жерлердің жетіспеуі - даудың басы боп тұр. Мұндай мәселе аудандағы әр  ауылдық округте, әсіресе Юбилейный, Новопавлов, Покатилов және Аңқаты ауылдарында өзекті.

- Халық ауылда төрт түліктің көмегімен күн көреді. Дегенмен, малды ауылдан жайылысқа жіберген бойда айқай-шу басталады. «Мынау менің жерім, малыңды әкет» немесе «Бұл жерді мен сатып алдым, әкетпесең малды итке талатамын» дейтін қожалық иелері қаптап барады. Ол былай тұрсын, мыңдаған гектар жерді алып, дегенмен оны игермей отырған адамдар да аудан көлемінде кездеседі. Мысалы, 2016 жылы жерді пайдаланбауына немесе басқа жағдайларға байланысты 38 жер телімі, жалпы көлемі- 22161 га, 2017 жылы 4 жер телімі, жалпы көлемі  2164 га аудандық арнайы жер қорына қайтарылды, - деді ол.

Кеңес отырысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары В.Кушнер ағымдағы жылы атқарылар жұмыстардың бірқатарына тоқталды. Оның айтуынша, Сәрсенов, Алғабас және Шөптікөл ауылдарына жол салу жұмыстары орнынан қозғалатын болады. Сонымен бірге аудан орталығындағы Бейбітшілік (Чапаев) көшесін асфальттау, Сарыөмір ауылында жазғы демалыс лагерінің құрылысын бастау және Юбилейный, Жайық, Богданов және Приречный ауылдарына су жүргізу үшін сметалық құжаттарды дайындау жұмыстары атқарылуда.

Жиын соңында қоғамдық кеңестің 2017 жылға арналған жұмыс жоспарына өзгерістер енгізген төрағаны қатысушылар құптады.

Әділет ОРЫНБАСАРҰЛЫ

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале