Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров айтпақшы, бас ауырып, балтыр сыздаса бірден көмегіне жүгінетін медицина қызметкерлері әрқашан қолдауға лайықты. Баға жетпес байлықтың қадірін ұқтыратын, күн мен түнді елемей, адам денсаулығы үшін тік тұратын сала мамандарын жылына бір келетін маңызы зор мерекемен құттықтау аудандық мәдениет үйінде өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Баубекұлы құттықтау сөз сөйлеп, ауданның бір топ дәрігеріне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің, аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың алғысхатын табыстады.
Бұл құрметтің ішінде дәрігер эпидемиолог Айнұр Отарбаева, жалпы тәжірибелік дәрігергер Мөлдір Жәрдемова, Динара Омарова, Мөлдір Таменова, медбикелер Оксана Божко мен Ализа Боранбай бар.
Содан соң "AMANAT" партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев партияның облыстық атқару хатшысы Азамат Сафималиевтің алғысхатын ұсынса, аудандық орталық аурухананың директоры Дархан Хайрушев, Эльмира Ізімова сөз алып, ақ халатты абзал жандарға, ауруханының қарапайым қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Залдың толмауын, үнтаяқтың бір жасап, бір жасамай қалғанын һәм техникалық ақауға тоқталмай-ақ қоялық. Марапат алушылардың тең жартысы мерекелік іс-шарадан табылмағаны, дәрігерлер туралы бірде бір ән орындалмағаны жанға батты. Әнге келсек, мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруы алға шыға келеді ғой. Ал тізімдегі марапат иелерінің болмауы Дархан Манарбекұлының кінәсі ме? Бұл жағы белгісіз. Түптеп келгенде бәріміздің өмірімізді нұрландыратын медицина қызметкерлерінің еселі еңбегі. Жылына бір келетін мерекені дүркіретіп атап өтпегеніміз ашындырады. Қысқасы дәрігерлердің мерекесінде әбігер болдық.
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы