Баршаға белгілі, 2013 жылдан бастап 2021 жылға дейін ауыл әкімдерін халық қалаулылары, яғни депутаттар сайлаған еді. Ал 2021 жылдан бастап азат мемлекеттің тарихында тұңғыш рет ауыл әкімдерін халық тікелей сайлайды. Жұртшылық қостаған дәл осындай бастамамен ауданға қатысты бірнеше ауылдық округтерінің әкімдері сайланып, қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсетуде. Бастысы ауылдардағы халық дән риза! Бүгін осы үрдіс жалғасын тауып, Теректі ауданының аумақтық сайлау комиссиясының 2024 жылғы 23 қазанындағы №3 қаулысы негізінде Құмақсай ауылдық округі әкімінің сайлауы жарияланған еді.
Аталмыш сайлауға қатысуға үш үміткер тіркелген екен. Нақтырақ айтсақ, Әліби Аманғазы, Сержан Мәдиев, Бақтыгүл Рахматуллина сайлауға түскелі отыр.
Міне, бүгін үміткерлер арасында Құмақсай ауылында пікірсайыс өтті. Оған қауымдастық, қоғамдық ұйым және саяси партия өкілдері, ауыл тұрғындары, жастар қатысты.
Модератор Аманғали Байғали пікірсайыстың өту барысымен егжейлі-тегжейлі таныстырды. Тінін тарқатсақ, I кезеңде кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын баяндады. Ал II кезеңде бір-бірлеріне келешекте өңірді өркендету мақсатында атқарылатын істері хақында сұрақ қойды.
Соңғы III кезеңде тұрғындар үміткерлерге ауылдағы өзекті мәселе бойынша сауалдарын жолдады. Сонымен қатар кандидаттарға сәттілік тіледі. Үш кандидат та өз ойлары мен жоспарларын ортаға салып, тұшымды жауап берді.
Пікірсайыс соңын үміткерлер сайлаушыларға үндеулерін жолдап түйіндеді. Айта кетейік, Құмақсай ауылдық округі әкімінің сайлауы желтоқсан айының 1-і өтеді.
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы