Орал шаһарынан 45 шақырым жерде орналасқан Теректі ауданының орталығы Теректі ауылына жалпақ жұртшылық қызығушылықпен қарайды. Алыс ауданның тұрғындары «қаланың іргесінде тұрасыздар, рахат қой, шіркін!» дегенде марқайып қаламыз. Алайда «сыртымыз бүтін, ішіміз түтін» екенін қайдан білсін?
«Не түтін» дейсіз бе? О-о-о, «түтін» баршылық бізде... Қалаға жақын орналасқанымыздан не пайда, апарар жолымыздың ойлы-қырлы жерлерімен ытқып-ытқып жүрміз, әйтеуір. Жә, бұл хақында кейінірек жазармыз. Ал қазіргі айтпағымыз – ауыз су мәселесі.
Әу баста Мемлекет басшысы қала мен ауыл тұрғындарын сапалы таза ауыз сумен қамтамсыз етуді Үкіметке мұқияттап тапсырып еді. Осы орайда елімізде берері мол бағдарламалар да жүзеге асқаны мәлім.
Соның бірі күндіз-түні тынбай аққан «Ақбұлақ» еді ғой. Яғни, мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында еліміздің түкпір-түкпіріне тартылған ауыз судың бүгінгі хал-ахуалы қалай?
Ырыстың көзі саналатын судың Теректі ауылына келгеніне бірнеше жылдың жүзі өтті. «Ақбұлақ» бағдарламасымен «таза, сапалы ауыз су келді» деп бөркін аспанға атқан ағайын енді мұңын шағып отыр. Бұл қуаныштың ұзаққа бармауына не себеп? Аталмыш ауылдың 5 346 тұрғыны ауыз судың азабын айтып, «айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кебін киюде. Шыны керек, ауыл тұрғындары судың тапшылығы мен сапасының төмендігіне риза емес. Хош, сонымен...
Сағыздай созылған шаруаның соңы қашан?
Халық «су жетпейді, суымыз таза емес» деп у-шу. Бұл «әңгіменің» тәмам болатын күні қашан? Су жырының соңы бола ма өзі? Жалпы, Теректі ауылын ауыз сумен қамтамасыз ететін 6 ұңғыма бар. Ол Теректі ауылынан 10 шақырым жерде, яғни Қабылтөбеде орналасқан. Мұндағы су сорғыштың жай-күйін қарауға «Теректі – Таза су» ЖШС басшысы Сабырбек Мусин және Теректі ауылының әкімі Армат Рыспаевпен бірге барған едік. Дәл сол мезетте жұмысшылар жаңа екі су сорғышты орнатып жатыр екен. Судың дәмін көріп, түсіне зер салдық. «Жаңаның аты – жаңа» демекші, судың түсі мөлдір, дәмі жақсы болды.
Одан әрі «Теректі – Таза су» ЖШС басшысы Сабырбек Мусинмен тілдестік.
– Ауа райының күрт ыстық болуына байланысты резервуардағы жиналған су қоры мөлшері азайып тұр. Сол себепті ауылдың кейбір көшелеріне, әсіресе, көпқабатты үйлермен әлеуметтік маңызы бар ғимараттарға су жетпей жатыр. Қазіргі уақытта су қорын жинау мақсатында түнгі сағат 22.30-дан бастап таңғы сағат 05.00-ге дейін халыққа су беру уақытша тоқтатылды. Қыс мезгілінде суды тұтыну 1 тәулікте 200-300 текше метрді құрайтын еді. Сондықтан қыста су жеткілікті болады. Ал жаз мезгілінде суды пайдалану 700-800 текше метр. Тұрғындар тек ауыз суға емес, сондай-ақ, бау-бақшаларын суарғандықтан, келесі тұрғынға су жетпей қалады. Су алатын жеке үйлер саны – 1639, ал мекеме ғимараттарының саны – 33. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған әр ұңғыманың су айдау қуатына тоқталатын болсақ, сағатына 10 текше метр су айдайды. Былтыр қос шахталық құдық болып еді. Биыл көктемгі су тасқынына байланысты әзірше істен шығып тұр. Негізінде, су сорғыштарды жыл сайын ауыстырып отырамыз. Олар біздің Орал қаласында жоқ, сондықтан Қостанай қаласынан алдырамыз. 1 дана су сорғыштың бағасы – 400 мың теңге. Таяуда Қабылтөбедегі су сорғыштар орнына екеуі орнатылды. Енді резервуарға су жиналған соң, халыққа тұрақты түрде су беріледі, - дейді Сабырбек Аманбекұлы.
Ауданда бұдан басқа қандай шаруалар атқарылып жатыр? Осы орайда Теректі ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайыржан Есетов қуанышты жаңалығын жеткізді.
Оның берген мәліметіне сүйенсек, тап қазіргі уақытта «Теректі ауылын сумен қамтамамасыз етуді жаңғырту» жобасы жөнінде бірқатар шаруалар жүзеге асуда. Айталық, жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, жоблаушы анықталды.
Ал мердігері – «ШЫМГОРПРОЕКТ» ЖШС. Осынау іске 9917,8 млн теңге қаржы жұмсалмақ. Құрылыс бастапқы мәліметтерді табыс еткен сәттен бастап үш айдан соң аяқталады. Сондай-ақ тағы да 10 су сорғышты сатып алужұмыстары жүріп жатыр.
Құдық қазылса...
Аудан орталығында жыл сайын айтылатын ауыз су мәселесін шешу жолы – ауладан құдық қазу. Тұрғындардың айтуынша, ауылда 25 метрлік тереңдіктен су шығады екен. Негізінде, халық үшін аулаға құдық қазу таңсық іс емес. Өйткені, бұрынырақта тек жеке аула емес, балабақша, мектепте, кәсіпорын-мекемелерде құдық болғанын жергілікті жұртшылық ұмыта қоймаған шығар. Кей құдық суының аздаған ащылығы болмаса, көпшілік суды сол құдықтардан тұтынатын. Мал суару, бау-бақша суаруға да сол құдықтардан алатын еді. Осылайша бау-бақшаға құбырмен келетін ауызсуды жұмсамай-тұғын. Сөйтіп «Құдық соғып, су тапшылығын сезінбеуге болар еді» деген пікірімізді кей тұрғындарға айтып көріп едік. Теректіліктер қазіргі уақытта ауладан құдық қазу қымбат болатынын жеткізді. Мұны Теректі ауылының әкімі Армат Рыспаев та қостап отыр.
– Иә, ертеректе аулаларда құдық болды. Қазір құдық суы бау-бақша суғаруға да пайдасыз болып тұр. Сонымен қатар тұрғындар үшін үйге келіп тұрған ауыз суды пайдалану тиімді. Себебі, ай сайынғы судың шығынын бір төлеп қояды. Ал құдықты қаздыру жұмыстарына қыруар қаржы қажет. Ауыз суды үнемдеп пайдалану керек. Кейбір тұрғындар үйдегі суды тазарту мақсатында қойылған сүзгіні тексермейді де, «су жоқ» деп отырады. Сүзгі шаң-тозаңдардан тазартылып отырмаса, су да жүрмей қалады, - деген ауыл әкімі ысырапшылдыққа бой алдырмауды, «судың да сұрауы бар» екенін тілге тиек қылды.
Сұхбат барысында Армат Рыспайұлы «Теректі – Таза су» ЖШС ұжымы әзірлеген су беру кестесін тұрғындарды құлақтандыру мақсатында әркез әлеуметтік желілерге, WhatsApp-тағы топтарға жариялап отыратынын айтты.
«Кермек дәм бар»
Ал судың сапасы қандай? Осы сауалды Теректі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ләйла Ашықоваға жолдаған едік. Оның айтуынша, орталықтандырылған су желісі мен қоғамдық тұтыну құдықтарына тұрақты түрде бақылау жүргізіледі екен.
– Аудандағы 49 елді мекеннің 23-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Қалғандары суды жер астынан, ұңғымаға салған тұрба арқылы немесе құдықтан тұтынып отыр. Мұндай ауылдарда су негізінен жеке аулада орналасқан.
Алдын ала жасалған кестеге сай, ауыз су көздерінен сынама алып, тұтынуға жарамдылығы, тазалығы мен сапасын тексеріп отырамыз. Биыл да сол бағытпен жасап жатқан жұмысымызға көктемдегі су тасқыны салдарынан өзгерістер енгіздік. Басшылықтың тапсырмасына сай, қызылсу басқан елді мекендердегі су желілерінен, ұңғыма, құдықтардан сынамалық үлгілерді екі, үшесе мөлшерде артық алдық. Паразитологиялық, микробиологиялық, санитарлық-химиялық зерттеулерді аудан орталығындағы зертханада, ал вирустық, радиологиялық, ауыр металлдар тұзын анықтау сияқты күрделі зерттеулер облыс орталығында жасалады. Біз тек ауыз суды ғана емес, барлық су көздерінің сапалық жағын бағамдап отырамыз. Мәселен, мамыр айында ашық су көздері – су қоймалары, өзен-көл, бөгеттерде тырысқақ ауруын таратушыларды анықтауды бастадық. Бұл шараны обаға қарсы қызметпен бірге атқарамыз.
Жалпы, аудандағы су сапасы қалыпты. Паразитологиялық, вирустық, радиологиялық және т.б көрсеткіштерден таза. Дегенмен кей ауылдарда ауыз судың кермектігі бар. Бұл көрсеткіш аудан орталығы – Теректі ауылында жыл сайын байқалады, - дейді Ләйла Тілектесқызы.
Айта кетейік, сала мамандары су сапасын зерттеу бойынша апта сайын хаттама жасап, ауытқуларды анықтап, нәтижесін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жолдап отырады. Олардың қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады. Мысалы, бактериологиялық немесе санитарлық-химиялық қалыптардың ауытқуы анықталса, зарарсыздандыру жүргізіледі. Кейде сүзгілер, су тазартқыштар орнатылады.
Ғалам ғарышқа ұшып жатыр, ал біз ше?
Тіршілік нәрінен таршылық көрген тұрғындар уақытпен берген суды жинай алмай әлек. Сыздықтатып берілген суға жүйкелері әбден жұқарған.
– Ауыз судың жетіспеушілігі – бұрыннан қозғалып келе жатқан мәселе. Алайда шешімі жоқ шаруа болып тұр. Мен Тәуелсіздік көшесінде тұрамын. Жаз басталғалы су жоқ. Судың сапасы өте төмендеп кетті. Түсі сап-сары, іше алмаймыз. Шыны керек, еш қандай шаруаны қолға ала алмай отырмыз. Су берілгенімен сыздықтап ағады. Халыққа суды үнемдеп беруден ештеңе шешілмейді, қайта шиеленісе түседі, - дейді Теректі ауылының тұрғыны Ардақ Омарова.
Сонымен бірге аталмыш ауылда 2006 жылдан бері тұрып келе жатқан Мәншүк Молдағалиева да өз пікірін білдірді.
– Орталық көшесі, №13 үйде тұрамын. Біздің ауылда ауыз су мәселесі ушығып тұр. Қысымы өте төмен, бір сөзбен айтқанда, тек тамшылап тұрады. Анда-санда уақытпен, яғни таңертең немесе кештесу береді. Тіпті, кейде су мүлдем болмай қалады. Әйтеуір, біз тұратын екі қабатты үйге су жетпей қалады. Бұл тек біздің көшеде емес, сонымен қатар Абай, Сұңқар, Зрелов, Горький көшелерінде де осы мәселе. Аудан орталығында тұратынымыз бар, осынау сұрақтың бір шешемі болуы керек. Ауыл көлемі ұлғаюда, үш қабатты үй салынуда. Алдағы уақытта жоспарда бойынша 500-дей үй салынады екен. Қазірдің өзінде су жоқ, келешекте не болмақ? Тұрғындардың көбі қосымша су жинайтын резервуарлар мен қуатты су сорғыштар қажетдейді. Су – тіршіліктің нәрі емес пе, онсыз қалай күн көреміз? Озық заман ХXI ғасырда нанотехнология дамып, басқа ел ғарышқа ұшуда, ал біз бір орында «қозғалмай» тұрмыз. Бұрын көшелерде су алатын тұғыр тұрушы еді, оны да алып тастады. Кейбір тұрғындардың ауласында құдық та болды. Қазір кішкентай балалалары және үлкен кісілері бар үйлер зардап шегіп отыр. Мұндай мәселені жалғыз кісі шеше алмайтыны анық. Сол себепті республикалық деңгейде көтеріп, басшылық араласу қажет. Іргелес жатқан Богданов, Долин, Покатилов, Жайық ауылдарында су бар да, бізде жоқ. Осы мәселеге аудан әкімі араласып, шаруаның шешілуіне атсалысса екен, - деген ауыл тұрғыны пікірімізді естіп, шаруаның оңтайлы шешілуін қадағалайтын болар деген үмітпен сөзін түйіндеді.
Сөз басында Теректі ауылының 5 346 тұрғыны бар деп айтып кеттік. Басылым бетіне тек екі адамның пікірін бердік. Ал қалғандары да осы сөзді айтып және жыл соңынан жыл ілестіріп қайталап келеді. Шешілмейтін шаруа болмайды. Әрекетке көшу керек. Айтпақшы, бет қапталып жатқанда, Теректі ауылдында көгілдір отынның 28 маусым мен 1 шілде аралығында уақытша сөнетіні хақында хабар келді.
Ауыз суы мен көгілдір отыны жоқ халық қалай күн көрмек?
Самал Жамет
Теректі ауданы