2.08.2024, 20:00
Оқылды: 235

Теректі ауданы: халық сауалы жауапсыз қалмайды

Теректі ауданында халықтың мұң-мұқтажын биліктегілерге жеткізетін «Ашық әкімдік» жобасы шеңберінде қабылдау өтті.

20240802172525_IMG_9324

Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова және аудандық бөлім басшылары қостаған топ мәдениет үйінде екі сағатқа жуық тұрғындардың мәселелеріне қанығып, шешу жолдарын қарастырды.

Теректі ауылының тұрғындары атынан келген бір топ кісі өз базынасын айтты. Олар көтеріп отырған мәселе тек бүгінгі күннің мәселесі емес.

20240802162355_IMG_9291

Жылдар бой шешімі толық табылмай келе жатыр. Алғашқысы — ауыз су. «Қысы-жазы айтатынымыз осы ән. Ыстық күні жуына алмаймыз, не киім-кешек жуа алмаймыз. Орталықта тұрады деп кім айтады бізді?!» деп бастаған мәселелер қатары қаңғыбас иттен, қоқыс, дәрігер мамандардың жетіспеушілігі сынды өзекті тақырыптармен жалғасты.

Аталған сұрақтарға мамандар жауап беріп, түсіндіріп өтті. Мәселен, судың жиі жетіспеушілігінің себебін айтқан «Теректі таза су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инженері Әлім Ажмұханов жаңа су құбыры аппараттары сатып алынып, ауыстырылғанын тілге тиек етті.

20240802161157_IMG_9274

– Бізге ешкім даладан қаңғыбас иттерді тастап кетіп жатқан жоқ. Бәрі өзіміздің дұрыс асырамай, қаңғытып жіберіп отырған иттеріміз. Соның кесірінен бұралқы иттер көбейіп отыр, - деген ветеринариялық станциясының директоры Алмас Юмабаев ит атудың тәртібін тұрғындарға түсіндіріп берді.

Ауылдың тазалығы «әттеген-ай» дегізетіні шындық. Халықтың «өз қоқысына» деген салғырттығы аудан келбетін кетіріп тұр деуге толық негіз бар.

Тұрмыстық қалдықтардан бөлек, құрылыс заттары, малдың терісі мен өлген ит пен мысықты да қоқыс жәшіктеріне лақтыра салатындардың бар екені де жасырын емес. Уақтылы қоқыстардың алынбауы да тұрғындардың ашуын туғызып, «Иванович» жеке кәсіпкерлігіне наразы болып отыр.

20240802163549_IMG_9295

Кездесуге келген халықтың саны едәуір көп, сауалдары да жетерлік. Олардың дені аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайыржан Есетовке қойылды.

Себебі, сауалдың төтесі – тұрғын үй кезегі. Жайық ауылының тұрғыны Г.Глушакова, Теректі ауылының тұрғыны А.Бисенова, С.Даршилова жеке баспана мәселесін көтеріп, оларға аудан әкімі Әлия Биғазықызы нақты түсінік берді.

Су тасқынынан зардап шеккен Подстепный ауылының тұрғыны Н.Крылач пен А.Колесов материалдық шығынның өтелмеуі, яғни дүние-мүлікке төленер ақыны ала алмай отырғандығын айтып шағым түсірсе, А.Байғалиева су тасқынынан кейінгі тұрғын үйінің жағдайын баяндады.

Сондай-ақ Р.Алимов салынып жатқан аурухана құрылысы аумағындағы жол жайын айтса, Б.Шакирова жұмыс мәселесін қозғады.

Көтерілген барлық мәселелерге сол жерде аудан басшысы мен бөлім мамандары жауап берді. Халық сауалы жауапсыз қалмайды. Кейбір өзекті мәселелер анықталып жауабы бір жұма ішінде берілетінін жеткізді.

Балнұр Қанаева
Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале