Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев Теректі ауданына іссапармен келді.
Меймандарды аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Жақсыгерейұлы, «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев және Подстепный ауылдық округінің әкімі Мейірбек Сұлтанов қарсы алды.
Сапар барысында Нартай Аралбайұлы Подстепный ауылындағы су құбырының жаңғырту жұмысымен танысты.
Нысан құрылысы 2021 жылдың 6 наурызында басталған. Жоспар бойынша былтыр, яғни 2023 жылдың 17 сәуірінде аяқталуы тиіс болған. Дегенмен, әзірге күн тәртібінен түспей, жыры бітпеген күйде тұр.
Жуырда осы мәселеге байланысты ауыл тұрғындары дабыл қағып, аудандық мәслихат депутаты Әділет Орынбасаров осы мәселе бойынша сессияда сауал жолдаған болатын. Аудандық газет те үн қосып, 2023 жылдың №51 санында «Жеңісті» күз жырладық, қыс жырлайық» мақаласы жарияланды.
Әлқисса, жыр нысанның жобалау-есептеу құжаттары бойынша есептеу-құрастыру жұмысына 1 545,1 млнтеңге бөлінген. Мемлекеттік тапсырыс нәтижесіндегі келісімшарт сомасы - 1 389,8 млн. Аталмыш жұмысты Тараз қаласында тіркелген мердігер «Байсын» ЖШС ұтып алып, су құбырларын жаңғыртуға кіріскен. Әйткенмен, жұмыс өте баяу жүріп, құрылыс мерзімі сақталмаған әрі шарттық міндеттемелер орындалмаған.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы жағдайға егжей-тегжейлі қаныққан соң, сын айтып, ескерту жасады.
Ол мердігерлердің жауапкершілігінің төмендігі салдарынан қарапайым халық жапа шегетінін айтты. Ауа райы, құрылыс материалдарының қымбаттауы сияқты ақылға қонымсыз сылтауларды айтпай, басталған әр істі асқан жауапкершілікпен толықтай орындап, тұрғындардың алғысын алу маңызды екенін еске салды. Мұндай жағдай тек қана Теректіде емес, өзі жұмыс сапарымен барған Жәнібек, Ақжайық аудандарында да орын алыпты.
Нысан басында жұмыс жасап жүрген қызметкерлер 250 үйдің су құбыры жаңғырып, ауыз сумен қамтамасыз етілгенін баяндады.
Жүздесу соңында Нартай Аралбайұлы шілде айында тағы да келетінін айтып, жұмыстың сәтті аяқталуын тіледі.
Аягөз Айтқалиева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz