Бүгінгі таңда 2 800 халқы бар Ақсуат ауылдық округі соңғы үш-төрт ай ішінде әкімсіз қалып еді.
Осы уақытқа дейін елге еге болып келген экс-әкім Жаннұр Ахметов — «әкім болып, халыққа жақын болған» жандардың бірі. Аталмыш округтің қамын ойлап, мұңын жоқтады.
Бір сөзбен айтқанда, көптің көңілінен шыққан іскер азамат ретінде танылды. Бесаспап маман Жаннұр Бекбауұлы Орал шаһарына жұмысқа ауысып, әкімдік лауазымды тастауға тура келді.
«Басшысы жоқ ел — жетім» болып қалмауды ойлаған Ақсуат ауылдық округі өз әкімдерін сайлауды құп көрді.
Сөйтіп, шілде айының 7-сі күні Ақсуат ауылдық окургі әкімінің сайлауы өтті. Естеріңізге сала кетейік, аталмыш сайлауға қатысуға үш адам өз кандидатурасын ұсынған бола-тұғын.
Тінін тарқатсақ, Покатилов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Меркін Құбашев, Ақсоғым ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Саясат Нөменов өздерін ұсынса, ал «AMANAT» партиясы атынан жеке кәсіпкер, «Әділханов» шаруашылығының басшысы Қайрат Әділханов сайлауға түсті. Сайып келгенде, Қайрат Әділханов басқалардан 592 дауыс санымен басым болды.
Енді, міне бүгін Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова, Теректі ауданының аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Арсен Бисенғалиев Ақсуат ауылына арнайы барып, су жаңа әкімді жалпақ жұртшылыққа таныстырып, салтанатты түрде куәлікті табыстады.
Айтпақшы, округтің бұрынғы әкімі Жаннұр Ахметов те жаңадан сайланған әкімге сәттілік тілей келді. Құптарлық жайт!
Басқосу барысында ауыл тұрғындары Қаламдар Имаков, Ерлан Жұбаниязов, Яков Кенжебаев, Мұрат Әубәкіров, аудандық мәслихат депутаты Ләззат Бекешевалар сөз алды. Экс-әкімнің атқарған жұмысын екшелеп оң баға берсе, ал жаңа әкімнің жұмысына табыс тілеп, «құтты болсын!» айтты.
Сонымен қатар алдағы уақытта атқарылуы тиіс шаруалардың да басын қайырды.
Мәселен, Ақсуат ауылындағы жолдың жөнделуін, жарықтың жиі сөнуін, қыс мезгілінде қарды ашуға қажет техниканың жоқтығын тілге тиек етті. Аудан басшысы барлық сұрақ жауапсыз қалмайтынын жеткізді.
Хош, сонымен әкіммен сіз де таныс болыңыз, оқырман! Қайрат Әділханов 1978 жылы Пойма ауылында дүние есігін ашқан. Отбасылы. Мамандығы — инженер-механик.
Еңбек жолын 1999 жылы «Пойма ХПП» ААҚ-да көлік жүргізуші болып бастаған. 2007-2015 жылдары «Пойма Агро» ЖШС-да инженер болып қызмет қылды. Ал 2015-2020 жылдары аталмыш серіктестікте орынбасар лауазымын атқарды.
Дәл бүгіннен бастап Ақсуат ауылдық округінің әкімі қызметіне кірісті.
Самал Жамет
Теректі ауданы