11.11.2024, 11:45
Оқылды: 46

Теректі ауданында 14 автокөлік, алты тұрғын үйдегі өрт оқиғасы тіркелген

Жылыту маусымында салғырттық, өрт қауіпсіздігі ережелеріне немқұрайлы қарауы салдарынан адам денсаулығына зиян келіп, материалдық шығынға ұшырайды.

Өрт пен уланудың алдын алу мақсатында Теректі ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап жүр. Өрттен сақтану жөнінде ескертулер жасап, жадынамалар үлестірген олар түсіндіру жұмысын жүргізуде. Жергілікті атқару органдары қызметкерлерімен біррге,  әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға тиісті көмек көрсету, түсіндірме жұмысы да жүзеге асқан.

ТЖ ЖП

Фото сайт архивінен

Соған қарамастан Теректі ауданында жылыту маусымы басталғалы тұрғын үйде 6 өрт оқиғасы тіркелді. Оның төртеуі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан, екеуі жылыту пешін қараусыз қалдыру кесірінен болған. Мәселен, 20 қазанда Теректі ауылынан 20 шақырым жерде шаруашылық құрылысы өртеніп, үй иесіне материалдық шығын келді. Өрттің себебі - электр сымдарының оқшаулағышы зақымдануы және қысқа тұйықталуы.

–Электр және газ құралдарын қосулы күйінде қалдырмаңыз. Оған балаларды жақындатпаңыздар. Уақытша және зақымдалған электр өткізгіш сымдарын пайдаланбаңыздар. Электр есептегіштердегі электрсақтандырғыштар зауытта дайындалған болуы тиіс. Үйде электр құралдарын бір уақытта қосып, жүйеге күш түсіруге болмайды. Бөлмені жылытуға қолдан жасалған электр жылытқыш құралдар қолданбаңыздар. Әсіресе, балаларды қараусыз қалдырмаңыздар, - дейді Теректі ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері,  азаматтық қорғау аға лейтенанты Райымбек Иргалиев.

Тағы бір қауіп - автокөлік өртенуі. Аудан аумағында жыл баснына бері көліктегі өрттің 14 оқиғасы тіркелген. Соның бірі 21 қазан күні  «Подстепный-Теректі-РФ» шекарасы автожолының 30 шақырымында  болды. Автокөлік магнитофонындағы сымдардың қысқа тұйықталуынан  басталған тұтану жануға  ұласып, «Аudi A6C4» маркалы автокөлігі өртеніп кетті.

– Көліктегі өрттің негізгі себептері – жанармай жүйелерінің немесе электр жүйесінің, электр жабдықтарының ақаулары. Автокөліктердегі өрт тұрақ, қозғалыс кезінде немесе көлікті жоюға бағытталған қасақана әрекеттер нәтижесінде болады.  Автомобильде жанғыш материалдардың көп болуы өрт ықтималдығын арттырады. Бұл орайда қарапайым техникалық пайдалану ережелерін сақтау маңызды. Қосымша электр жабдықтарын орнатқанда мұқият болыңыздар. Жанармай жүйесінің күйін де үнемі қадағалау керек. Көлігіңізде өрт сөндіргіш пен алғашқы көмек жинағышын сақтаған дұрыс, -  деді азаматтық қорғау аға лейтенанты.

Ақтілек Орынбасар,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале