Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында:
– Тұрғын үй азаматтарымыз үшін – қашанда басты мәселе. Еліміз бойынша азаматтарға қолжетімді тұрғын үйлерді салуды қолға алу керек» деп маңызды мәселені дөп басты.
Халықты баспанамен қамту мәселесі «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының да негізгі міндеті ретінде айқындалды. Ауылдық елді-мекендерде адамдардың өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасау үшін көзделген он бағыт оң нәтижесін берді.
Міне бүгін, жаңа жыл қарсаңында Теректі ауданының орталығы Теректі ауылында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған 24 пәтерлік екі тұрғын үйдің кілтін табыстау рәсімі өтті.
Пәтерлер кезек бойынша түрлі санатта тұрған азаматтарға берілді. Екі тұрғын үй де орталықтандырылған жылу, су және электрмен жабдықтау желілеріне қосылған.
Салтанатты іс-шараға Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, облыстық мәслихат депутаты Сержан Идиятов, «Фирма ИСКОМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Рафик Мамедов, бөлім басшылары мен теректілік тұрғындар қатысты.
Әлия Биғазықызы жүрекжарды тілегін айтып, жаңа шаңыраққа кірген ағайынды құттықтады. Жаңа қоныс иелері атынан Нұргүл Молдағалиева сөзалып, алғысын жаудырды.
Әжелер шашуын шашып, мәре-сәре болған сәттен әсерленіп, бөркімізді аспанға аттық. Басшы-қосшылар үйдің сапасын қарап, теректіліктердің қуанышын бөліссе, құрылыс жұмыстарына мұқиятпен қараған «Фирма ИСКОМ» ЖШС Нұргүл Төлегенқызына кір жуғыш машина сыйлады.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы