3.03.2026, 13:00
Оқылды: 7

Теректі ауданында “Ақ қағаздағы әлем” атты қойылымы өтті

Жуырда Подстепный мәдениет үйінде “Нұр” балалар мен жасөспірім театр үйірмесінің “Ақ қағаздағы әлем” атты қойылымы өтті. Шығармашылық көрініс қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі - ерекше баласы бар ананың тағдыры төңірегінде өрбіп, әр адамның өміріндегі басты кейіпкер, өмірдің бастауы болған аналардың қадір - қасиетін ұғындырды.

644319108_3221794031335802_111093411083170210_n

Халық жүрегіне жол тартқан бұл қойылымда сұқталған көздер, кінә мен күдікке толы сыни жанарлар, қоғамның көзқарасынан шаршаған ананың  мұңы, күйзелісі мен жанайқайы жеткізіліп, көрермен жүрегін елжіретті. Қолдау мен түсіністікке мұқтаж, бала болашағына алаң болған ананың өмірде бетпе-бет кездесетін қиындығы, ішкі күресі, төзімі мен жанкештілігі көрсетіліп, балаға деген шексіз махаббат сезімі баяндалды. Сонымен қатар басты рөлдегі аутизмі бар баланың қатарластарынан оқшаулануынан бастап, қоғамға бейімделуі, оның кіршіксіз таза көңілі мен шығармашылық шексіздігін жас әртістер ән-бимен өрнектелген қойылымда көрсетті.

643433203_3221804054668133_6922462659328379850_n

Жасанды интеллект көмегімен жазылған аталмыш қойылым авторы әрі режиссері Римма Аубакированы  кеш соңында Подстепный ауылының әкімі М. Сұлтанов марапаттады. Мейірбек Ақылбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, өз әсерімен бөлісіп, театр жетекшісіне алғыс хат пен гүл шоғын табыстады.

643730967_3221803948001477_5026505837131973741_n

Сондай-ақ өз-өзін қаржыландырған бұл театр ұжымы балалардың қалауымен, жетекші қолдауымен 20 000 тг-лік сертификатты көпбалалы анаға табыстап, дархан көңіл мен қайырымдылықтың белгісін көрсетті.

643765035_3221804014668137_8348428287546671185_n

Бұл өнер мен сезімді, адамгершілік пен тәрбиені ұштастырған көңілге ой саларлық әсерлі қойылым ғана емес, қоғамға жасалған үндеу болды.Жас өрендердің өнеріне куә болған дүйім жұрт өз жоғары бағасын берді.

643731162_3221803994668139_2855255682293354080_n

Атап өтелік, бұл жас театр ұжымының екінші премьерасы. Өткен жылдың қараша айында «Ақ пен қара» атты қойылымы көрермен назарына ұсынылып, халық ықыласына бөленген болатын.

 

 

 

Римма Аубакирова, «Нұр» балалар мен жасөспірім театр жетекшісі:

- Мен мәдениет саласында 20 жылдан аса қызмет жасап келемін. Теректі ауданы, Подстепный ауылына жұмысқа орналасқаныма биыл бес жыл болды. Соңғы екі жылда Подстепныйда режиссерлік штат ашылып, мені Арман Рахметоллаұлы тағайындаған. Негізгі мамандығым-драма әртісі. 2025 жылдың қараша айында алғашқы премьерамызбен театр үйірмесінің шымылдығын ашқан болатынбыз. Алғашқы топта 12 бала болса, қазір бала саны 50-ге жетіп қалды. Балалардың келіп жүргеніне қараша айынан бері 3-4 айдың жүзі өтті. Енді ата-ананың, балалардың және халықтың алдында есеп берейік деп, соңғы келген балалармен екінші премьераны жоспарлаған болатынбыз. Бүгін театрымыздағы 7-9-сынып аралығындағы оқушылар сахнада ойнайтын болады.

Үйірмені балалардың уақытын тиімді пайдалану, оларды өнерге, ортаға бейімдеу бағытында ашқан болатынмын. Балалар аптасына екі рет келеді. Оқушылардың қызығушылығы өте жоғары, олар да  өз идеяларымен бөлісіп отырады. Өзім драма әртісі әрі режиссер болған соң, «өнерге қызығушылығы бар ауылдың балаларын тауып, оларды шыңдайыншы» деген ойым болды. Бүгінгі қойылымның тақырыбы өте өзекті әрі ауыр. Ерекше баласы бар ана, яғни аутизмі бар бала туралы қойылым. Премьераға екі ай дайындалдық. «Үлкен сахнада өнер көрсетсем» деген арманым болатын, бірақ әзірге ол арманым орындалмады, сол арманға шәкірттерім жетіп жатса, менің жетістігім - сол. Сонымен қатар мені үнемі қолдап отыратын мекеме басшысы Аңсар Оразғалиұлына, демеушілік танытып көмектесіп отыратын оқушыларымның  ата-аналарына өте ризамын.

Санжар Нұрым, Подстепный қазақ ЖОББ мектебінің 7 «Ә» сынып оқушысы, басты кейіпкер:

- Бұл үйірмеге келгеніме 3 айдай болды. Бізде екі топ бар, кіші топтың қойылымы өтті, енді бізге осы премьераның бөлшегі болу бұйырып тұр. Қойылым ерекше балалары бар ата-аналардың тағдырын көрсетеді. Мен аутизмі бар баланың рөлін сомдаймын. Қобалжу, әрине, бар. Бірақ мен өз - өзіме сенемін, соған қарамастан өз рөлімді алып шығамын деген ойдамын. Осы театрға келіп, өмірімде көп өзгеріс пайда болды. Эмоцияммен жұмыс жасауды үйрендік, театр арқылы көп тың дүниелерді  білдік, жаңа достармен танысып, жақын араласып кеттік. Тәлімгерімізге алғысым шексіз.

Айгерім  Шайхиева, көрермен:

- Бұл қойылымда біздің үйдің тұңғышы Өтеміс Айару басты рөлде  — ерекше баланың анасының бейнесін сомдады. Ол бұл рөлге жай дайындалған жоқ. Екі ай бойы терең ізденді. Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналардың жазбаларын оқыды, сұхбаттарын тыңдады, ана жүрегінің қандай күй кешетінін түсінуге тырысты. Ана махаббатының шексіздігін, үміт пен қорқыныштың қатар жүретінін жүрегімен сезінгісі келді. Мен бұл спектакльде тек көрермен болып отырған жоқпын, қызыммен бірге ана рөлінде отырдым. Бұл жай ғана спектакль емес еді. Бұл — ана жүрегінің сахнадағы соғысы болды. Сондықтан болар, қойылым басталған сәттен жүрегім шаншып, қызыммен бірге қиналып отырдым. Сахнада менің қызым тұрғанымен, оның жанарында мыңдаған ананың мұңы бардай көрінді.

 

Қаламқас Саясатова,

Теректі ауданы   

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале