30.07.2024, 17:30
Оқылды: 34

Теректіде бір үйдегі үш мүгедекке баспана қажет

«Ауыл әкіміне үш сұрақ» айдары басталғалы бері теректіліктер сұрақтарын жаудырып жатыр. Арасында ауыз су, жол, жарық, интернет желілері мәселелерінен бөлек ауданымыздағы мүгедектердің бүгінгі жағдайы бар.

F00E0554-69E8-4D47-81AC-4A5E7591CA9C

Теректі ауылының тұрғыны Сая Әбдірахманованың күрсінісі басым сауалынан соң бәленбай жыл бойы нақты шешімін таппай келе жатқан түйткілге бөлек тоқталуды жөн санадық.

Бұл жолы үш сұрақтың жүгін бір ғана сұрақ көтерді. Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарына сүйенсек, «Әлеуметтік оңалту» деп аталатын екінші тарауында:   «Мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтену деңгейін арттыру мақсатында техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен (протездік-ортопедиялық көмек, сурдо-тифлоқұралдар, арнаулы жүріп-тұру құралдары, санаторий-курорттық емдеу, міндетті гигиеналық құралдар, жеке көмекші мен ымдау тілі маманы көрсететін қызметтер) қамтамасыз етіледі» делінген екен.

Бұдан бөлек мүмкіндігі шектеулі адамдарды жергілікті әкімдік тарапынан демеу, барынша қолдау көрсету керектігі де жазылған. Ұлттық жоспарды аяқасты еткенімізді қоя тұрайық та, адами келбетімізді нықтап алайық! Ал енді ашынғаннан ащы дауысы шыққан Сая сөйлесін!

– Әкім қабылдауына жазылып, табалдырығын тоздырып, шаршадық. Содан кейін жаңа айдарды естіп, редакцияның көмегіне жүгінемін деп шештім. Бір үйде күйеуімнің анасы, екі ағасы тұрады. Үшеуі де мүгедек. Нұрғали Мұхамбетжанов, Берікқали Мұхамбетжанов 2-топта, Нағима Мұхамбетжанова 1-топта. Туғаннан олигофрения диагнозы қойылды. Ұрыс-керіспен мүгедектіктерін растайтын құжатты алып берген едік. Неге десеңіздер, осы уақытқа дейін енемнің бір зейнетақысына күнелтіп келді. Жолдасым қолынан келгенше азық-түліктерді апарып тұрды. Үйді де алып берді. Бірақ бір шаңырақтағы үш бірдей мүмкіндігі шектеулі тұрғын көгілдір отынсыз күн көрді. Тамақты газ баллоны арқылы пісіріп жүрді. Резеңкесін дұрыс салмай кеткенінің салдарынан газ баллоны жарылды. Кесірінен қайын ағам Нұрғалидың денесін күйік шалды. Үйдің қабырғаларын сылап-сыйпап қойғанымызбен, әлі де күрделі жөндеуді қажет етеді. Әзірге біздің үйге орналасты. Ойлаңыздаршы, кезекте 309-шы болып тұр. Олар қолдарына пәтер кілтін алып, жаңа үйге кіргенше, кім бар, кім жоқ? Ауылға кіреберісте үш қабатты пәтерде кіл ішкіш, сауық құрып жатқан тұрғындарды көреміз. Оның қасында тым болмағанда екі бөлмелі пәтерге зар болып жүрген біздің үйдің адамдары тыс қалды. Қашан? Қашан мүгедектерге қолдау табылады екен?

B160E99D-A602-48DC-A866-69674DEC7BEE

Теректі ауылының әкімі Армат Рыспайұлы:

– Мен бұл жағдаймен бұрыннан таныспын. Дегенмен үйге қол жеткізу үшін арнайы тіркеуде тұру керек екен. Қазіргі таңда Ерғали Мұхамбетжановтың кезегі 465-тен 309-ға, Берікқали Мұхамбетжановтың кезегі 506-дан 351-ге жылжыды.

Ресми де, қарапайым да сұрап көрдік. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне хабарласып, мән-жайды анықтаймын дегенмен, толыққанды жауап ала алмадық. Ал соңғы бөлімнен келген жауаптың түрі мынау!

32001550-24E9-47B1-B67B-2A69035878A9

Біріншіден, қазақша сұрау салған соң мемлекеттік тілде жауап беруі қажет!

Екіншіден, мемлекеттік қызмет құжатқа, Заңға мұқияттылықты талап етеді.

Үшіншіден, бұл мәселеге, үш мүгедектің тағдырына «типа так?» деп қарау білдей жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне үлкен сын!

Жанұшыра жүгірген ешкім болмаған соң халыққа жақын болып, теректіліктердің мәселелерін зерделеп жүрген аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиевке қоңырау шалдық.

7DEB169C-D2A6-4382-87C9-361847C65621

– Жасыратыны жоқ, мен ауданымызда бір үйде үш мүгедек тұратынынан хабарсызбын. Жаңа ғана естіп тұрмын. Мұны аяқсыз қалдырмау қажет. Жағдайлары қиын екен. Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік осал топтағы жандарды қолдау керектігін жиі айтып жүр,-деді тұтқаны қойып, арада 10 минут уақыт өтпей қайта хабарласты.

– Ауыл әкімі Армат Рыспаевты шақыртып, мән-жайды анықтадым. Олар үйдің кезегіне 2022 жылы ғана тіркеліпті. Екі жыл ішінде 309-шы болуы жақсы көрсеткіш деп есептеймін. Қозғалыс бар. Енді сәл ғана қалды. Ал Заң жүзінде олардан бұрын тіркелгендерді баса озып кетуге құқық жоқ екен. Аудан депутаттары одан өзге кез келген көмекке дайын, - деді Әлжан Жақсыгерейұлы.

Сая Әбдірахманованың айтуынша, дүние есігін аша сала олигофрения диагнозы қойылған Берікқали Мұхамбетжановқа мүгедектігін растайтын құжат былтыр мамыр айында ғана берілген.

– Оның өзінде әлеуметтік желілерге жариялап, қоғамның пікірін туындатамын, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақыртамын дегеннен кейін ғана берілді. Жалпы 1972 жылдан бері психикалық ауруханадан емделіп жүрді. Бірақ дәл осы уақытқа дейін емделгені туралы құжаттың барлығын жойып жіберген. Құдды сау адамды мүгедек қылғандай, ауруханаға қайтадан жатып, жан алысып, жан берісіп, 2-топты алдық, - деді ол өз сөзінде.

Әкімдіктің жауабын көрдіңіздер. Қайтсе де, кезегі келмей үйге қол жеткізе алмайды. Олардан бөлек Теректідегі мүгедектермен жұмыс істейтін «БҚО мүгедектері ерікті қоғамы» бірлестігінің Теректі аудандық филиалы төрайымы Назгүл Мағзомованы бұл іске араластырып, пікірін сұраған едік.

0DAB8C8A-685B-4F75-A6B4-C58722BB220C

– Теректі ауылындағы Мұхамбетжановтар отбасында 2 мүмкіндігі шектеулі жан зейнеткер, ауыратын анасымен жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Мен олармен үнемі демейін, бірақ байланыстамын. Олар шынымен де тұрғын үйді қажет етеді. Өте қиын. Үй кезегінде тіркеліп тұр, бірақ үй алуға кезектері әлі келмеген. Бұл жағдайдан ауылдық округ әкімінің де хабары бар.  Осы адамдарға мемлекет тарапынан жалдамалы үй берілсе немесе кәсіпкер жомарт жандар баспана алуға көмектессе, нұр үстіне нұр болар еді, - деді.

300 адамды күтіп, уақыт жоғалтқысы келмейтін шаңырақтың келіні Сая Әбдірахманова талай есікті қаққысы келіп отыр. Ұлттық арнаны, блогерлерді шақыртып, көмек сұрағысы келеді.

– Артында ұрпақтары жоқ қайын ағаларым немесе ауыр халдегі енем берілген үйді өздерімен алып кетпесі анық! Қалады бәрі мемлекеттің еншісіне! Тек дәл қазіргі күндерін емін-еркін, бақытты өткізсе екен деймін. Ол үшін баспана ауадай қажет! Біз не үшін Жаңа әрі Тәуелсіз Қазақстанда осындай дауға барып, тиесілі нәрсені тартысып, жұлысып алуымыз керек?! Үйді былай қойғанда құжаттың өзін 2 жыл бұрын алдық. Оған дейін ешқандай көмек көрсетілмеді, - деп сөзін түйіндеді.

Байқағандарыңыздай, етегі жасқа толып, мүгедек жақындарының өміріне алаңдайтын кейіпкеріміз тым құрығанда белгілі бір уақыт ішінде әкімдікке кері қайтарып беретін уақытша баспана сұрады. Оңай емес! Газет оқитын жергілікті басшылар бұл іске зер салса, үш мүгедекті орналастыратын үй тауып берсе, халық арасында абыройы артып, сауапқа да кенелетін еді.

Дайындаған Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Өз ауылыңыздағы мәселелердің анық-қанығын білгіңіз келсе, әкіміңізге сауал жолдаңыз!

Телефон: 8747 420 69 43

Е-mail: [email protected]

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале