Инвестиция – бұл елдің әлеуметтік дамуына жағдай жасайтын, кәсіпкерлік бастаманы жақсартудың және дамытудың негізгі факторы. Аудан экономикасына инвестиция тарту, экономиканың шикізаттық емес секторларын дамыту – жұмыстың басым бағыттарының бірі.
2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі тарихи максимумға жетіп, 20 млрд 047 млн теңгені құрады. Осылайша, жыл ішінде инвестиция көлемі 1,8 есеге ұлғайды, соңғы 10 жылда 3,8 есеге өсті.
– Бүгінгі таңда жалпы құны 398 млрд. теңге болатын ірілі-ұсақты 25 жобаға қолдау көрсетілуде. Сонымен бірге биыл жалпы құны 8 млрд 660 млн теңгені құрайтын 157 жұмыс орны бар тоғыз инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланды. Жыл басынан бері 5 млрд теңгеге 4 жоба жүзеге асты, сондай-ақ 95 жұмыс орны ашылды, - дейді баспасөз брифингіне қатысқан Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова.
Іске асырылған жобаларды жіпке тізсек, олардың ішінде Подстепный ауылында салынған «Алтындар» супермаркеті, инвестор «Sauda Market LTD» ЖШС (құны – 250 млн. теңге ), май зауытын кеңейту, тазарту және суық сығымдау цехы, инвестор «Пойма Май комбинаты» ЖШС (құны – 1 млрд 300 млн. теңге), минералды су және алкогольсіз сусындар өндіру цехы, инвестор – «Батыс Минерал Су» ЖШС (жобаның құны – 2 млрд 500 млн. теңге), Подстепный ауылындағы «Ақжол» демалыс базасы, инвестор «Елжас» ЖШС (жобаның құны – 1 млрд теңге) бар.
Самал Жамет
Теректі ауданы