24.02.2024, 11:00
Оқылды: 77

Теректі ауданында қардан тазалау жұмыстары жүруде

Қыстың соңғы күндері аязды болғанымен, көктем шуағы сезіледі. Синоптиктер келесі апта, наурыздың басы жылу келеді деген болжам айтады. Сондықтан, Теректі ауданында қар шығару қарқын алды.

7

Теректі аудан әкімі аппаратының азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар бойынша бас инспекторы Абзал Хамидің айтуынша, аудандағы елді мекендерден 9200 текше метр қар шығарылған.

Теректі ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Нұрсұлтан Серіков:

 - Қар суын өткізуге дайындық үстіндеміз. Қар еріген кезде болуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу үшін  көшелерді қардан тазалаy, су арықтарын ашу  сынды жұмыстар жүріп жатыр. Ауылдық жерлерде, әсіресе, көшелеріне су жайылатын Подстепное, Жаңа өмір сияқты ірі мекендерде, өзен-көл, бөгеттерде кезекшілік  ұйымдастырылады. Олар су деңгейі, жол қатынасынан бастап, округтегі барлық жағдайды бақылап отырады. Қар ери бастаса-ақ қауіпті жерлерді бақылауды күшейтеміз. Су қозғалған кезде төтенше жағдай бола қалса, әр округтегі оңтайланған бригадалар іске кіріседі, - деді.

8

Жыл сайынғы үрдіспен, биыл да төтеншеліктер  жергілікті әкімдік,  №25, №12 өрт сөндіру қызметімен бірігіп, су басу қауіптілігі жоғары ауылдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастап кеткен. Яғни ауыл-үйді аралап, шатырдан қар түсіру, ауладан қар шығару, су жүру арналарын тазалауды айтып, арнайы нұсқамалар таратады.

9

«Қазірден бастап  тұрғын үйлердің және әлеуметтік ғимараттардың  шатырларындағы қарды түсіріп, тазалап қойыңыз. Төбедегі қар дымқылданып, ауыр тартады. Сол кезде шатырды опырып жіберуі мүмкін. Су ағар жерлерді, су өткізетін тұрбаларды күні бұрын қардан аршып қойған дұрыс. Өйткені, ағар жол таппаса, қар суы ауланы басып, үй іргесінен ішке ағуы мүмкін. Көктемде мұзы жұқарып тұрған өзен-көл үсті де қауіпті. Сондықтан, жыламық кезде мұз үстіне  шықпаңыз» дейді  Теректі ауданының  төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Нұрсұлтан Серіков.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале