4.02.2023, 18:35
Оқылды: 54

Теректі ауданында қонақ үй ашылды

 

Теректі ауданы, Ақжайық ауылдық округіндегі «Nurbergen» шипажайын білмейтін адам кемде-кем. Атағы облыстан әрі асып, еліміз бойынша ең үздік 10 шипажайдың қатарына енген «Nurbergen» әрқашан даму үстінде. Сөзімізге дәлел, шипажай жанынан 86 орындық қонақ үй құрылысы аяқталып, салтанатты түрде ашылды. Қонақ үйдің ашылу салтанатына БҚО әкімі Нариман Төреғалиев арнайы қатысты.

222

«Nurbergen Health Resort» қонақ үйінің жалпы құны 800 млн теңгені құрайды.  Соның ішінде  130 млн теңгесін инвестор 2022 жылда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба (Бизнестің жол картасы – 2025 кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы) аясында несиеге алған. Жобаның жетекшісі Аина Нұрбергенқызының айтуынша, шипажай жанынан қонақ үй салу - марқұм әкесі Нұрберген Баемировтің арманы екен. 2005 жылы ашылған шипажайдың дамып, өркендеуінде осы Нұрберген Рахымұлының сіңірген еңбегі орасан.

999

Қонақ үйдің ашылу салтанатында сөз алған БҚО әкімі Нариман Төреғалиев әке ісін өз деңгейінде жалғастырып отырған Аина Баемироваға алғыс білдірді.

-Нұрберген Рахымұлын мен жақсы білемін. Осы шипажайдың ең алғашқы қадамдары күні кешегідей көз алдымда. Нұрберген Баемиров өте еңбекқор адам болатын. Алға мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында тер төкті. Әке өнегесін алып, оның мінезін бойына сіңірген Аина Нұрбергенқызы да кәсіпкерлік саласында қалыптасқан тұлға екендігін дәлелдей білді. Шипайжай жыл өткен сайын жаңарып, міне бүгін оның жанынан әсемдігі көз тартар қонақ үй ашылып отыр. Енді облысымызға келген әр қонақ ем алып, демалып, сапалы қызмет түрлерін пайдалана алады, - деді Нариман Төреғалиұлы.

666

Жаңа қонақ үйдің ашылуына орай лента қию рәсімін БҚО әкімі Н.Төреғалиев пен «Nurbergen Health Resort» қонақ үйінің директоры Аина Баемирова өткізді.

555

Айта кету керек, қонақ үйге кеп екі кісілік бір бөлмені алатын болсаңыз, күніне 45 мың теңге төлейтін боласыз. Бұл қаржыға үш мезгіл тегін тамақтану және қонақ үйге қатысты сервистерді пайдалану кіреді. Ал ем алу үшін қосымша пакеттер қарастырылған.  Шипажайдағы минералды су өзінің бірегей құрамы мен емдік қасиеттерінің кең спектрімен ерекшеленеді.

 

Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале