12.09.2025, 18:00
Оқылды: 248

Теректі ауданында Отбасы күніне орай тағылымды шара өтті  

Теректі аудандық мәдениет үйінде «Отбасы күніне» орай отбасылық құндылықтарды дәріптеу, неке және отбасы институтын нығайту, сонымен қатар қоғамда имандылықты және руханилықты нығайтуға негізделген мерекелік шара өтті.

IMG_8667

Теректі ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арайлым Тасенова аталған мерекемен құттықтап сөз сөйледі. Шара жүргізушісі аталмыш шараға арнайы шақырылып отырған отбасылармен таныстырып өтті. Шаған ауылдық округінен Сүлейменовтар отбасы келсе, Подстепное ауылдық округінен Ерғалиевтер отбасы қатысты. Сонымен қатар Приречное ауылдық округінен Агулешевтер отбасы бой көрсетті. Әр отбасы өздері жайында қысқа мәлімет айтып, таныстырып шықты. Келген қонақтар отбасы болу, татулықты сақтау, жанұялық мәселелерді шешу жөнінде пікірлері мен ойларын ортаға салды.

IMG_8755

Сұрақ-жауап айдарында салт-дәстүр, тарих, әдебиет сынды тақырып шеңберіндегі сұрақтар мен қатысушылардың таным көкжиегін анықтайтын сауалдар қойылып, кейіннен отырыс «Біз білетін әндер» және “Кино көремін” атты айдарға ұласып, меймандарға көтеріңкі көңіл- күй сыйлады.

IMG_8874

Өңіріміздің өнерлі ұл-қыздары әннен шашу шашып, ұйымдастырылған шараның сәнін келтірді. Қорытынды сөз кезегін Теректі ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» директорының уақытша міндетін атқарушы Альбина Дощанова алып, келген меймандарды мерекемен құттықтап, алғыс хат пен кәделі сыйлығын табыстады. Өткізілген шара мерекеге келген қатысушыларға көтеріңкі көңіл- күй сыйлап, өз мәресіне жетті.

IMG_8870

Отанды сүю отбасыдан басталады. Сүйіспеншілікті кіші мемлекеттен бастаған дұрыс-ау. Отбасы қадірін түсіну үшін арнайы күн бекіту керек емес те шығар, бірақ “Бағалай білмегенге - бақ қонбайды” демекші, барыңды бағалау қажет екенін еске салып тұрары анық.

 

Қаламқас Саясатова,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале